- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Ғарышты игерудің пайдасы...
Ғарышты игерудің пайдасы
Қазiр адамзат өз өмiрiн ғарышсыз елестете алмайды. 1961 жылдың 12 сәуiрiнде Ю.Гагарин алғаш ұшқанда, ешкiм де дәл бүгiнгiдей бәрi мобильдi, бәрiн де ғарыштан бақылауға болатын заманға жететiнiн ойламаған болар. Ғарышты игеру өмiрдiң барлық саласына жаңалық әкелдi. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамыту керек дейiк. Ол үшiн ауа райының құбылысы, мал жайылымы, ауыз судың жеткiлiктiлiгi бақылануға тиiс. Ал оны бақылау тек ғарыш арқылы жүзеге асады. Бұл пiкiрдi мәжiлiс депутаты Мұрат Әбеновтың сөзiмен түйiндесек: «Чехияда iс-сапарда болдым. Олардың бос жатқан жерiн көрiп, неге игермейтiнiн сұрадым. Сонда олар: «Бiздер, Еуропа елдерi, «белгiлi бiр дақыл түрлерiн ғана отырғызамыз» деген келiсiм-шартқа отырдық. Бұл жер – игерiлмеуге тиiс жер, сол үшiн де ақы төлейдi» дедi. Қызық көрiп: «Сiздердi қайдан бiледi? Берген ақшаны алып, қосымша неге пайда таппасқа?» – деп сұрағанымда, «бәрi ғарыштан бақыланады» дедi. Демек, дамыған елдер бiр-бiрiмен бәсекелес болмас үшiн шектеу қойған. Егер еккен өнiм өтпей қалса, ысырап болады. Мiне, ғарыштың пайдасы» – дейдi М.Әбенов.
Жалпы Жердiң жасанды серiктерi елдiң географиялық жағдайын, геофизикалық өзгерiсiн, атмосферасын зерттейдi. Жер шарына қаупi бар апаттардың алдын алады.
Жер кiндiгi – Байқоңыр
Аңызға айналған Қорқыт бабамыз жер жәннатын iздеп, дүниенiң төрт бұрышын аралап, туған топырағы – Сыр өңiрiне қайта келедi. Сонда «бұл жер – жердiң кiндiгi» дептi. Тас алып, аспанға лақтырса, тас аспанда ұзақ айналып жүрiптi. Жылдар өте ғалымдар «Байқоңырда жердiң тартылыс күшi аз, экваторға жақын, ғарышты ұшыруға ең қолайлы орын» деген қорытынды жасады. Академик С.Королев ғарыш айлағына орын iздегенде, бiрнеше өте күрделi шартты ескерген. Ғарыш айлағына айналатын жер бiрiншiден, экваторға жақын орналасуы тиiс әрi жерден ұшқан зымыран орбитаға барынша төте жолмен жетуге тиiс. Екiншiден, оның қасында мол сулы өзен болуы керек. Ондай мол сулы өзен сол кездегi Сырдария болатын. Сондай-ақ, ғарыш алаңына темiр жол өтiп, солтүстiк-батыс шалғайда кең жазық дала жатуға тиiстi едi. Байқоңырдың табиғаты осы шарттарға сай келдi. Демек, Қорқыт бабаның болжамы шындыққа айналды.
Биыл әлемнiң ең бiрiншi ғарыш айлағы — Байқоңырдың құрылғанына 55 жыл. Ал адамзаттың тұңғыш ғарышқа ұшқанына 50 жыл. «Байқоңырдың» құрылысы 1955 жылы басталған-ды. Алғашқы зымыран 1957 жылы тамызда ұшырылды. Бұл өңiрден Ю.Гагарин, Н.Леонов, Г.Титов, А.Лавейкин, Т.Әубәкiров, Т.Мұсабаев сынды ғарышкерлер аспан әлемiне саяхат жасады. Олардың әрбiр сапары қоғамға берген пайдасымен тарихта қалды. 1994 жылы Байқоңыр космодромын Ресейге жалға беру мерзiмi 20 жылға деп есептелсе, 2004 жылы қаңтар айында 50 жылға дейiн болып, мерзiмi ұзартылды. 1999 жылы 29 наурызда Ресей-Қазақстан комиссиясы кездесiп, бiрлескен хаттамаға қол қойды. 1997 жылы 4 қазанда Ресей Федерациясы «Байқоңыр» кешенiн жалға алған жағдайда, оның аймағындағы табиғатты қорғау мәселесi жөнiндегi келiсiмге қол қойылды. Десе де, Байқоңырдың пайдасы емес, зиянына қатысты мәлiмет көп. Мәселен, 1999 жылы шiлде және қазан айларында ақаумен ұшырылған «Протон» зымырантасығышы Қарқаралыға, Атасу кентiне құлады. «Байқоңыр» пайдалануға берiлген уақыттан берi 1300-ге жуық зымыран ұшырылған екен. Зымыран құрамындағы гептилдiң өте улы зат екенi дәлелденген. Жылдар бұрын «Қазмеханобр» кәсiпорны зымыранның бiрiншi сатысы құлайтын жерлердегi малдың етi мен сүтiне сараптама жасапты. Сонда жануардың ағзасында гептил мөлшерден ондаған есе асып кеткен. Ресми емес дерек көздерi бойынша, 40-тан аса апат болған. Бiрақ нақты тыйым салынбаған. Тек 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың iссапармен ғарыш аймағына жақын аймақта жүрген кезде жапон жер серiгiн тиеген «Протон-М» зымыранын ұшыру сәтсiздiкке ұшырады. Зымыран Жезқазған қаласынан небәрi 50 шақырым қашықтықта құлады. Ол жерде гептилдiң мөлшерi қалыпты жағдайдан 1100-ден 5200-ге дейiн артық болып шықты. Келген шығын 60,7 миллион доллар болса, ресейлiктер 2,5 миллион долларын ғана төледi. Осы оқиғадан кейiн «адам өмiрiне қауiп тудыратын зымырандарды ұшырмау жөнiнде» шешiм шығарылды.
Қазақтың жер серiгi қашан ұшады?
Осыдан екi-үш жыл бұрын «КаzSat-1» жер серiгi ұшырылатынын естiп, қуанғанбыз. Өйткенi, отандық жер серiгiнiң пайдасы зор едi. Бiрiншiден, отандық телевизия саласы дамып, көршiлес Қытай, Монғолия елiндегi отандастарымыз тамашалай алатын едi. Сондай-ақ, мұнайдың қорын анықтауға да мүмкiндiк алар едiк. Алайда оның сапары сәтсiз болды. Белгiсiз себептермен жоғалып кеттi. Ғарыш саласының мамандары осы олқылықтың орнын толтыру үшiн «КаzSat-2» Жер серiгiн дайындады. Жаңа құрылым өткен жылдың наурыз айында ұшырылуға тиiс болатын. Бiрақ ақаулар анықталып, осы жылдың бiрiншi тоқсанына ауыстырылды. «КаzSat-1» Жер серiгiне Ресейдiң «Роскосмос» агенттiгi жауапты болды. Биыл ғарыш айлағынан 19 зымыран ұшырылады. Әрбiр зымыран 85 миллион доллар табыс әкеледi.
Самғағым келедi…
Қазақ баласы қашан ғарышқа самғайды? Бұл сұрақ кiм-кiмдi де мазалайтыны анық.
– Алдағы үш-төрт жылда қазақтарға орын жоқ, – дейдi ғарышкер Т.Мұсабаев. – Өйткенi, ұшу үшiн ғарышкерлер үш жыл бұрын тiркеледi. Еуропалық ғарыштық агенттiк өз ғарышкерiн ұшыру үшiн ақысын алдын ала төлеп қояды. Бұрын ғарыш сапарын ресейлiктер шешетiн. Қазiр бұл мәселенi 16 елдiң ғарыш саласының мамандары шығарады. Бiздiң ғарышкерлердiң сапарын қаржы байлап отыр.
Бүгiнде жоғары оқу орындарының бiрқатарында «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «Радиобайланыс және радионавигация», «Жылжымалы байланыс құралдары мен жүйелер байланысы», «Радиобайланыс, радиохабарларын тарату және теледидар», «Көп арналы телекоммуникациялық жүйелер» мамандықтары оқытылады. Байқоңыр қаласындағы Мәскеу авиация институты филиалында ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң квотасымен 45 талапкер бiлiм алуда. Бұл оқу ордасы ғарыш техникасының тiлiн бiлетiн инженер мамандарын даярлайды. Ал негiзгi ғарыш саласы маманын даярлайтын оқу орны елiмiзде жоқ. Бұл күрделi мәселе алдағы уақытта шешiмiн табары анық. Ең бастысы, ғарышқа деген балалық арман сөнбесе болғаны.
@. @assel_assanova