Google Earth қызметін пайдаланушылар енді Плутон ғаламшарының картасымен де таныса алады. Жерге ең алыс орналасқан ғаламшар картасы NASA ғарыш агенттігінің «Жаңа Көкжиектер» (New Horizons) аппараты түсірген суреттер негізінде жасалған. Жаңа интерактивті карта біз үшін құпияға толы болған ғаламшардың бедері туралы мәлімет береді.
Нақтылап өтсек, Google Earth картаcын құрастыруға «Жаңа Көкжиектер» аппаратындағы LORRI және Ralph атты сапалы камералар түсірген суреттер негіз болған. Аталған әмбебап камералар қазір де Плутон суреттерін жіберумен айналысып жатыр. Картаның толық нұсқасын мына сілтеме арқылы өтіп, көшіріп алуға болады. Карта уақыт өте жаңа суреттермен толықтырылып отырады.
NASA ғарыш агенттігіне келіп түскен суреттердің барлығы өңделіп, жалпыға бірдей қызмет үлгісінде ұсынылып отырады. Сондай-ақ, карта арқылы Плутонның бедеріндегі әртүрлі дақтарды анықтап зерттеуге мүмкіндік болады. NASA астрономдарының айтуынша, Плутонның ең қараңғы жағы «кит» деп аталады. Экватор сызығында орналасқан оның тартылу күші 3 мың шақырымға дейін жетеді екен. Ал оның оң жағындағы ашық түсті дақтар метан, азот және көмірқышқыл газының қатты түрі болуы мүмкін.
Айта кетейік, ғаламшардың жақыннан түсірілген суреттері 14 шілде күні жеткізілмек. Осы күні «Жаңа Көкжиектер» аппараты Плутонға Күннің сәулесі түскен жағынан ең жақын нүктеге жетеді.