- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Ғалымдар қартаймаудың жолын...
Ғалымдар қартаймаудың жолын тапты
Америкалық және аустралиялық ғалымдар қартаймаудың жолын тапқандары туралы айтты. Олар өздерінің технологиясын зертханадағы тышқандарға тәжірибе жасап сынап көргеннен кейін адамдарға да қолданып, тексеруді бастап жіберді, деп жазады The Times.
Гарвад және Жаңа Оңтүстік Уэльс Университеттерінің ғалымдары қартаюға жауапты гендердің жұмысын тоқтатып, табиғи ақуыздар мен молекулалардың көмегімен жасару гендерін жандандыра алған.
"Біз адам ағзасындағы қартаюға жауапты гендерді анықтай алдық. Егер оның кері процесін жүргізетін болсақ, біз эволюцияны кері қайтара аламыз. Бұл тәжірибе тышқандардың ағзасына жүргізілгенде оң нәтиже көрсетті", – дейді Гарвард Университетінің генетика саласындағы профессоры Дэвид Синклер.
Ғалымдардың айтуынша, олар генге NMN деп аталатын молекула енгізген. Бұл молекула бір апта бойы бұлшықеттердегі қартаю процесін кері қайтарып отырған. Енді ғалымдар адамның жасушасын жасарта алатын дәріні жасауды ұйғарып отыр.
"Қазіргі кезде, тышқандардан адамдарға өттік. Адамдар жаппай сынақтан өткізілуде. Алдағы бірнеше жылдың ішінде оның адамдарға қаншалықты әсер ететінін анықтайтын боламыз", - дейді Синклер.
Алғашқы тәжірибеден соң адам өмірін ұзартатын молекулалардың адамның денсаулығына зияны жоқ екені анықталған. Ғалымдар NMN молекуласын мәңгі өмір сүрудің кілті екенін айтып отыр.
Time журналы профессор Синклерді әлемдегі ең ықпалды адамдардың бірі деп атады. Бұған дейін профессор қарапайым қызыл шарапта ресвератролдың барын анықтап, оның адам ағзасына әсер ету механизмін жасаған болатын.
Профессор Синклер медицина саласында төңкеріс жасауға ниеттеніп отырғанын жасырмады.
"Кейбіреулер бұл медициналық әрекетті құдаймен ойнау деп түсіндіреді. Егер сіз осыдан жүз жыл бұрын біреуден антибиотиктер туралы айтқаныңызда, ол тура осылай жауап қатқан болар еді".
Сурет: healthfore.wordpress.com
Ж. Өрісбай