АҚШ-тағы Принстон Университетінің ғалымдары өзге де әріптестерімен бірігіп жаңа ғылыми ашылымды негіздеу үстінде. Зерттеуші ғалымдар Жер мантиясының үш өлшемді картасын жасауға күш салмақ. Олардың ойынша, бұл зерттеуді соңына жеткізуге табиғи жер сілкінісі көмектеседі.
Қазіргі ғылым Жер мантиясының қалыңдығын 2900 шақырымға тең деп отыр. Бұл ғаламшарымызды қазуда адамның күші жеткен тереңдіктен 300 есе көп. Расында, заманауи технологиялық құрылғылар мантия қабатына дейін қазып, оның негізгі құрылымын зерттеуге қауқары жетпейді. Принстон Университетінің ғалымдары бұл салада оларға жер сілкінісі көмектесетінін айтады.
Ғалымдардың айтуынша, жер сілкінісі кезінде пайда болатын сейсмикалық толқындарды Жердің ішкі энергиясына айналдыруға болады. Жер сілкінісі үлкен болған сайын, толқынның жер бетіне таралымы да үлкен болады.
Сейсмикалық толқындардың құрылымы қоршаған ортаның табиғаты мен өзінің өткен бағытындағы кедергілердің арқасында өзгереді. Ендеше сол толқындарды бақылап, зерттеу арқылы мантияның құрамы мен құрылымын, сондай-ақ, көлемін анықтау мүмкіндігі бар.
Зерттеушілер 5,5 балды межедегі 3000 жер сілкінісінің ақпаратын жинап, оны «Титан» деп аталатын әлемдегі ең қуатты компьютерге жүктемек. Сосын аталған суперкомпьютер Жер мантиясының 3D-картасын дайындауға қажет ақпаратты беретін болады.
«Біздің негізгі мақсат - үлкен масштабты үш өлшемді карта жасау», – дейді зерттеуші Йерун Тромп.
Ал Жер мантиясын зерттеудегі басты мақсат – жиналған ақпарат негізінде болашақта орын алатын жер сілкіністерін нақты болжай алу. Сонымен қатар, әлемдегі ең қауіпті жанартаулардың атылу уақытын анықтап, оған адам баласының дайындығын күшейту.
Шындығында, адам баласының жерге жақын орналасуына қарамастан, оның ішкі құрылымы туралы аз білуі кез келген төтенше жағдайға дайын емес екенін білдіреді. Тіпті адамзаттың Жер құрылымын толық танымай жатып, галактикамызды зерттеуге кірісуінің өзі көңілге күмән ұялатады. Сондықтан бұл сала ғалымдар үшін ең маңызды меже болып отыр.
«Бұл аңшылыққа шыққанмен бірдей. Сіз алдыңызда не күтіп тұрғанын біле алмайсыз. Бұл тәжірибенің соңында терең білім мен ашылулар жатыр. Бұл біздің жобаның ең қызықты бөлімі болмақ», – дейді Йерун Тромп.
Сурет: news.softpedia.com
Оқи отырыңыз:
Жапондар ғарыштағы алғашқы Күн электр станциясын салады
Айдың бізге көрінбейтін жағында не бар? (Видео)
ХХІ ғасырда адамзатты қандай ғылыми ашылымдар күтіп тұр?
ХХІ ғасырда адамзатты қандай ғылыми ашылымдар күтіп тұр? #2
«Құс Жолы» галактикасына қауіп төнуі мүмкін