Британдық Колумбия Университетінің (Канада) астрономдары Күн жүйесінен тыста жатқан Жер атмосферасына ұқсас ғаламшар іздеумен айналысып келген. Ғалым Джейми Мэттьюс біздің ғаламшардан 180 жарық жылына тең қашықтықта орналасқан жаңа Жердің табылғанын растады. Ғаламшарға HIP 116454 b атауы беріліпті.
Жердің аналогы диаметрі бойынша біздің ғаламшардан 2,5 есеге, ал массасы бойынша 12 есеге үлкен екен. «Бұл алып мұзды Нептун ғаламшарының кішкене нұсқасына ұқсайды. Бір қызығы жаңа Жердің де төрттен үш бөлігі сумен қапталған болуы мүмкін», - дейді зерттеуші.
Өзге деректерге сүйенер болсақ, қазірге дейін белгісіз болған экзоғаламшардың бар екенін дәлелдейтін дыбысты бірінші болып америкалық ғалымдар NASA ғарыш агенттігіне қарасты Kepler телескобының көмегімен анықтаған екен. Дегенмен Kepler орбита бойымен айналып, Жердің басқа бөлігіне ауысып кеткендігінен олар дер кезінде ақпаратты өңдей алмаған.
NASA мамандарына канадалық әріптестері көмекке келген. Канадалық астрофизиктер MOST (Microvariability and Oscillations of STars satellite) телескобын керек бағытқа нұсқаулап, Kepler-дің жаңалығын толығымен растаған.
Жаңа ғаламшар жарыққа өте жақын орналасқан. Сондықтан ол адам баласына пана бола алмауы мүмкін. Дегенмен ғалымдар межедегі экзоғаламшар өз жүйесінде жалғыз емес екеніне үміттенуде. Меттьюстің айтуынша, қалған ғаламшарлардың бірі өмір сүруге оң мекен бола алады.
Зерттеудің нәтижелері The Astrophysical Journal ғылыми журналында жарияланатын болады.
Сурет: www.forwallpaper.com