Массагет оқырмандарын елге белгілі қазақ тілі маманы Ғалия Жорабекқызымен таныстырамыз. Бұл кісі осы кезге дейін 20 жыл мектеп мұғалімі, КазНПУ, Қалалық мұғалімдер біліктілігін көтеру институты, Алматы қаласы әкімшілік «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, Сhek Pount» «KIT» Бизнес орталығы, Еуропа қайта құру және даму банкі, Темірбанк, Халык Банк, USKO, Регион – Медиа, ORAKL, Atlas Copco, Network мекемелерінде қазақ тілі мұғалімі қызметін атқарып келген. "Хабар" арнасындағы "Қазақшаңыз қалай?" бағдарламасында екі рет бірінші орынға ие болған. "Вечерний Алматы" газетінде "Қазақшаңыз қалай?" айдарын жүргізген.
Маман қазақ тілін орыс тілді азаматтарға үйрету мәлеселерін зерттеп, нәтижесінде «Қазақша ойлауды қалыптастыру» деп аталатын кітап жазып шықты. "Тілді меңгеру дегеніміз – адамның өз ойын қиналмастан, қазақша еркін жеткізуі, сонда ғана, тілдік кедергілер, тіл шорқақтығы болмайды", - деді Ғалия Жорабекқызы Массагет тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, өзге тілді үйрену үшін, ең алдымен сол тілдің грамматикалық ережелеріне, өзіндік ерекшеліктеріне көңіл аударып, сөздік қорын білу және пайдалана алу керек.
- Сіз жасаған тіл үйрету әдісі неге негізделген?
Қазақ тілін үйренуге бар-жоғы 9 ереже және 3 қадам жеткілікті. Сол арқылы тілді аз уақытта түсініп, толық сөйлеп, кетуге болады. Кез-келген тілді үйрену үшін зат есіммен, етістікті меңгеру керек. Қазақ тілінде зат есімнің 4 жалғауы бар, етістіктің бастапқы деңгейде 3 шағы және қалау райы қажет. Оған керекті Үндестік заңын қосамыз, барлығы 9 ереже. Осы 9 ережені пайдалана отырып:
1. Орыс тілді сөйлем құрып.
2. Сөйлемдегі әр сөзге баяндауыштан сұрақ қоя отырып, сөздердің орын тәртібін анықтап,
3. Сөйлемдегі бар зат есімдерді 4 жалғау бойынша жүргізіп, ал етістікті шақ бойынша қою керек.
- Методикаңыз бойынша оқу процесі қалай жүреді?
- Бағдарламаның негізі, жүйесінің ерекшелігі, оқу жолы, ұтымды әдістері, бірінші сабақта түйінделіп жеткізіледі. Бірінші сабақта тыңдаушылар ойын орыс тілінде сөйлемге құрып, оны тірек кестелерін пайдалана отырып, қазақшаға аударады. Тыңдаушылар жарты жылдың ішінде, айтарын қазақшаға еркін, тірексіз аудара білу керек. Тыңдаушының бағдарламаның бағытын, істейтін ісінің бас–аяғын түсініп, оңайлығына көз жеткізіп барып кіріскенде, тілді қабылдауы да жеңіл болады.
Төртінші сабақтан бастап, әр сабақта кестелерді пайдалана отырып, орыс тіліндегі сөйлемдерді қазақшаға аударамыз, содан соң еш бір жаңа ережесіз лексикалық 15 тақырыптарымызды жалғастыра береміз. Бірінші айда, сол 9 ережені жан-жақты түсініп, қолданып, жаттанды түрге жеткізіп, сөздерді орын тәртібіне лайықтап қоя білуге дағдыландыру қажет.
Тыңдаушы сөздік қорымен жұмыс істегенде әр сөзді «зат есім және етістіктің жаңа сөзбен жұмыс істеу кестесіне » енгізе отырып, сөздерді жаттанды түрдеемес, ойлана отырып, ережелерді қайталай отыра, бар өзгерістерді байқай отыра, саналы түрде қабылдайды. Тыңдаушылар мәтінді тез қабылдау үшін, кітап өте жеңіл, қарапайым тілде жазылған.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/2_CVkRovmT4&feature","width":"450","height":"240"});
"Қазақшаңыз қалай?" телебағдарламасы. Хабар арнасы.
- Сабақты қай тілде жүргізесіз?
- Тілді оқыту процесінде мұғалім тек қазақша сөйлеп, тыңдаушылар естігендерін қайталай отырып, үйренуге болады. Бірақ та мұндай әдіс мектепте ғана қолайлы. Өйткені мектеп оқушылары қазақ тілін аптасына 5-6 рет үзбестен оқиды және олардың бас жұмысы - оқу.
Ал мына әдіс тыңдаушылардың өз бетімен тіл үйренуіне, жұмыстағы мемлекеттік қызметшілерге ыңғайлы. Грамматиканы, оқу жолдарын тек орыс тілінде түсіндіріп, лексикаға келгенде қазақ тілінде сөйлесеміз. Тыңдаушы қазақ тілі грамматикасын, меңгеру жолдарын орыс тілінде түсіне отырып, белгіленген қадам әдісін ойлана отырып, кестелерге сүйену арқылы, өз бетімен жұмыс істейді. Сол кезде қазақша сөйлеп, зейінін өзіңе аударып, ойын бөліп, кедергі жасамау үшін, солардың ой үндестігіне сәйкестене отырып, орысша түсіндіре отырып жұмыс істеу керек. Тыңдаушы сабаққа бір ай үзіліссіз қатысса, сол мерзімде бар мәліметті, әдісті меңгереді. Ары қарай сөздік қорды молайта түсуге күш саламыз. Ал, сабақ барысын үзіп алған тыңдаушылар топқа ілесіп жұмыс істеп кете алады. Өйткені, оқу әдісі бойынша курс негізі алғашқы бір айда толығымен өтіледі. Лексикалық тақырыптар, сөздік қоры қатыса алмағандарға қатты қиындық тудырмайды.
- Орыс аудиториясына қай тілді мұғалім керек?
- Орыс аудиториясына тілді орысша оқыған адам үйрету керек, өйткені тыңдаушының білмегенін ұғады. Орыс тілімен қазақ тілін салытыра отырып, ерекшелігін байқата отырып оқытады. Ал қазақша оқыған адам тыңдаушының жеңіл желпіні түсінбейтініне мән бермейді де, бір үлкен затқа үйреткісі бар. Ал тыңдаушы майданы түсінбей жатып, үлкенді меңгере алмайды. «Үлкен тірлік майда тірліктен құралады» - дейді
Қоғамдық жерлерде қазақ тілін көбірек қолдану керек, мысалы көлікте аялдамаларды тек қазақ тілінде хабарласа, көшелер екі тілде емес, қазақ тілінде жазылса адамның көзі, құлағы орысшаға алаңдамай қазақ тілін қабылдайтын еді.
Екі француз, ағылшын, грузин тыңдаушыларым болды. Шетел азаматтары оңай үйренеді, өйткені бұл шет тілі деген ұғым бар, қате сөйлеуге ұялмайды. Ал өз еліміздің арасында, бұл менің тілім түгел, аяғына дейін біліп алмай сөйлемеймін, «Ұят»- деген ұғым қалыптасқан. Ол мүмкін емес. Мысалы шашатараздың өзі жүре келе жөнге келеді.
- Методикаңыз туралы әріптестеріңіз немесе шәкірттеріңіз қандай пікір айтады?
- Шәкірттерім де әріптестерім де жақсы пікірде. Осы уақытқа дейін БАҚ беттерінде «Хабар» арасының бас продюсері С. Абас-Шах, «Вечерний Алматы» газетінің бас редакторы Н.Н. Жоров, Абай атындағы ҚҰПУ-іпрофессор міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының докторы Н.А. Оразахынова, Алматы қаласы білім беру жүйесі мамандарының біліктілігін көтеру және қайта даярлау институтының директоры Исламгулова Светлана Константиновнаның мен туралы айтылған жылы лебіздері жарияланды. Барлығы да менің оқыту әдісімнің оңай әрі, қабылдауға икемді екендігін айтып жүр.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан