World Wide Web Foundation мекемесінің сауалнамасынан белгілі болғандай, ғаламторды ең жақсы көретін ел Швеция болып шықты.
Сіз ойлағандай АҚШ, Жапония немесе адам санынан жаңылысқан Қытай емес, дәл осы швед ұлты екен. Скандинав елінің тұрғындары қолдары қалт еткен сәтте-ақ ғаламтор бетін ашады-мыс. Екінші орында АҚШ, ал үштікті Ұлыбритания елінің ғаламтор пайдаланушылары қорытындылып тұр. Жалпы жарысқа түскен елдер саны – 60. Соңғы қатарда Зимбабве мен Йемен мемлекеттері орналасса да, бұл елдер қатарынан Қазақстанды көре алмайсыз. Қызығы қызық. Ал көршілес Ресей федерациясы 31 орынға тұрақтапты.
Әрмен кеттік, біз мақтап отырған шведтер өз компьютеріне өте сақ қарайды да. Вирус өткізбейтін берік бағдарламалар да соңғы үлгіде дейді сараптама жүргізушілері. Бүкіл әлемдік өрмекші өрмегіне түспейтін ел Португалия екен. Сауалнамадан кейін бұл елдің 59 пайыз азаматы компьютер алдында тіпті отырмайтын болып шықты. Ғаламторға деген тәуелділік сонымен қатар, Болгария, Румыния, Греция және Кипр азаматтарына таңсық көрінеді екен.
Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ
Сурет ledy-angel.ru сайтынан алынды