Ғаламтор құпияларыңызды сақтамайды

Ғаламтор құпияларыңызды сақтамайды

Ғаламтордың пайдасы мен оның адамдар өміріндегі рөлі жайлы айтып жатудың қажеті шамалы. Google Map, Yandex Map тектес карта, көше, мекен-жай анықтау жүйелері де бұл күнде пайдаланушылар жағынан ықыласқа бөленген. Бірақ, бұл жүйе біреулерге пайдасын тигізсе, біреулерге бақытсыздық сыйлайды екен. Yandex Map жүйесі көше суреті бөлімінде қойылған фото бас құрауға ниеттеніп жүрген екі жасты айырып тынған. 24 жастағы Марина Yandex Map іздеу жүйесінен өзіне керекті мекен-жайды іздеп отырады. Ол көше суретін де қоса қарайды, дәл осы кезде оған өте таныс бейне көз алдына шыға келеді, көше суреті ретінде қойылған фотода өзінің  сөз байласқандарына 5 жыл болған жігіті Сашаның тұрғанын көреді.

Марина былай дейді: «Картадан өте таныс адамды көрдім. Үлкейтіп қарап ем, менің Сашам мен тұңғыш махаббатының қолтықтасқан суреті тұр. Бірде оның қолы сынып, гипспен қатырылған еді. Суреттен де сол күйді көрдім. Суретті көріп, жүрегім қатты ауырды. Тоқтамай, ұзақ жыладым».

Марина суретті той күндері жақындап қалған болашақ күйеуіне көрсетті. Оның жүзі сұрланып, Маринаға түсіндіруге тырысқан. «Мен оны жақсы көрмеймін, мен ақымақтық жасадым». Қыз опасыз жігітімен айырылысып тынған. Мұндай оқиғаның да өмірде болатындығы Yandex компаниясындағыларды қайран қалдырған. Өйткені, көптеген адамдар Yandex Map жүйесінен өздерін және өздерінің үйлерінің суреттерін көруді және қоюды армандайды екен. «Егер суретті алып тастау жайында бізге арыз түссе, әрі көрсеткен себебі орынды болса, біз суретті алып тастаймыз» дейді компания қызметкерлері.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: youhtc.ru

M. Auelkhan