Фотоаппаратты ойлап тапқан - француз
Фотоаппарат құрылғысы Жозеф Нисефор Ньепстің атымен тікелей байланысты. Француз өнертапқышы 1765 жылдың 7 наурызында Шелон-сюр-Сон қаласында дүниеге келген. Ньепстің ата-анасы өте құрметті адамдар еді. Жозефтың әкесі Людовик XV патшаның кеңесшісі қызметін атқарса, шешесі белгілі құқық қорғаушының қызы болатын. Жозеф әскерге барып келгеннен кейін туған ағасы Клод екеуі бірігіп, зерттеу жұмыстарына кіріседі. Ағайындылар алдымен іштен жану қозғалтқышын құру арқылы танылады. Бірақ, бұл жетістік оларға аздау көрінгендіктен, олар зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. Ағайындылар 1816 жылдан бастап, фото жасау өнерін зерттей бастайды. Зерттеу жұмыстарын жүргізуде аянбай тер төккен Жозеф пен Клод Ньепстер нәтижесінде 1822 жылы «Жайылған дастарқан» атты көріністі суретке түсіреді. Бұл адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосурет.
Әкелерінен мұраға қалған ақшаның барлығын зерттеу жұмыстарына жұмсағанымен, ағайынды Ньепстер ешқандай табыс көрмеді. 1833 жылы ауыр сырқатқа шалдыққан Жозеф Ньепс 68 жасында қайтыс болады.
"Жайылған дастарқан" әлемдегі алғашқы фотосурет
Фотопленка адамзатқа бір ғасырдай қызмет етті
Сандық фотоқұрылғылар пленкалы фотоаппараттардың орнын басқандықтан, қазіргі таңда пленканы магазин сөрелерінен таба алмайсыз. Фотопленканы жады құрылғылары ауыстырғанымен, фото түсіру өнерінде пленканың алатын орны ерекше. Жоғарыда айтылған дүниенің көмегімен адамзат бір ғасырға жуық фото түсіру өнерімен айналысқан.
Пленкалы фотоаппаратты ойлап тапқан өнертапқыштың есімі – Джордж Истмен. Джордж 1854 жылдың 12 шілдесінде АҚШ-тың Уотервилль қаласында дүниеге келген. Джордж пленкалы фотоқұрылғыға патентті 1883 жылы алса, 1888 жылы толыққанды «Кодак» маркалы фотоаппаратты халық назарына ұсынады. Төртбұрышты құрылғыны сатып алу үшін қарапайым халық 25 доллар ақша төлеген. Бірақ, сатып алушы пленканың бір орамасымен 100-ге жуық сурет жасай алатын. Сатылым көрсеткіштерін жоғарлату мақсатында Джордж жарнамалық ұранды өзі жазады. Ұран мәтініде «Сізге түйме басу ғана қалды, қалғаны біздің шаруа» деген сөздер кездеседі. Осылайша, пленкалы фотоаппарат адамзатқа жүз жылдай қызмет атқарған. Ал Джордж Истмен болса, 1932 жылы 77 жас шамасында өз-өзіне қол жұмсап өмірден озған.
Суреттер clubs.ya.ru сайтынан алынған