Физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары анықталды

Медицина саласындағы Нобель сыйлығының осы жылғы лауреаттары үш бірдей зерттеушіге табысталды. Олар Джон О'Киф есімді америкалық және Май-Бритт пен Эдварду Мoзер есімді норвегиялық физиолог-ғалымдар.

Джон О'Киф

  Америкалық ғалым Джон О'Киф (John O'Keefe) 1939 жылы Нью-Йорк қаласында туылған. Ол 1967 жылы Канаданың Макгилл Университетінде (McGill University) докторлық дәрежесін иемденеді. Содан кейін жас ғалым Ұлыбританияға келіп, Лондонның Университеттік Колледжінде (University College London) жұмыс істей бастайды. Ал 1987 жылға келіп профессор атағын алады. 2013 жылы аталған университеттегі Когнитивті Нейрофизиология институтына директор болып тағайындалады.

О'Киф өз еңбек жолында липпокамптарды (бас мидағы лимбикалық жүйесі) зерттеумен айналысып келген. Нақтырақ айтатын болсақ, лимбикалық жүйеде пайда болатын Альцгеймер ауруын зерттеуді негізгі жолға қойған ғалым.

1971 жылы Джон О'Киф гиппокамптың сүтқоректілердің кеңістіктегі бағыт көзі болып табылатынын анықтаған. Ол гиппокамптағы жасуша ортасын тауып, Линн Надель есімді ғалымның бірлескен авторлығымен гиппокамп функциясының кеңістіктегі теориясы туралы кітап жазып шығады.

2014 жыл 6 қазан күні Джон О'Киф Май-Бритт және Эдвард Мозер есімді ерлі-зайыпты ғалымдармен бірге Нобель сыйлығына лайық деп табылды. Оларға физиология мен медицина салаларында бас мидағы жасушалардың биологиясын зерттегені үшін берілді.

Май-Бритт Мозер

  Профессор Май-Бритт Мозер (May-Britt Moser) 1963 жылы Норвегияның Фоснавааг (Fosnavåg) атты кішкене қалашығында дүниеге келген. Ол Осло университетінде психилогияны оқып, 1995 жылы нейрофизиология саласының докторлық дәрежесін (Ph.D.) алады. Сосын Эдинбург университетінде, кейіннен Лондонның Университеттік Колледжінде (University College London) зерттеу жұмыстарымен айналысады. Ал 1996 жылдан бастап Норфегияның Тронхейм ғылым және технология университетінде еңбек етіп келеді.

2000 жылы Май-Бритт Мозер нейроғылымның профессоры (Professor of Neuroscience) атағын алады. Сосын есте сақтауды зерртеумен айналысатын биологиялық орталыққа (Centre for the Biology of Memory) басшылық етеді. Қазіргі кезде Май-Бритт Мозер  Норвегиялық технология университетінің жанында ашылған Centre for Neural Computation зерттеу орталығының директоры болып табылады. Май-Бритт Мозер өз жұбайы Эдвард Мозермен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Эдвард Мозер

 

Профессор Эдвард Мозер (Edvard I. Moser) Норвегияның Олесунн қаласында 1962 жылы дүниеге келген. Эдинбург университетінде ғылыми маман ретінде жұмыс атқарады. Сосын Джон О'Киф зертханасында да біріккен зерртеу жұмыстарын алып барады. Ал 1996 жылдан бері қарай Тронхеймдегі технология университетінде еңбек етуде. 2007 жылдан ол нейрофизиология Институтын (Kavli Institute for Systems Neuroscience) басшылыққа алып келеді.

Соңғы жылдары Мозерлер отбасы мидың кеңістіктегі бағыт алу жадысын зерттеумен айналысып келеді. 2005 жылы олар кеміргіштерге тәжірибе жасау арқылы бас миының энторинальды алқабындағы grid-нейрондардың (жасушалар) бар екенін табады. Олар бұл жасушалардың сүтқоректілердің есте сақтау қабілетінің әмбебап картографиялық жүйесін жасайтынын анықтаған.

Май-Бритт және Эдвард Мозерлердің зерттеу жұмыстары біршама марапаттарға ие болған. Сонымен қатар, олар Норвегия Ғылым Академиясы мен Корольдік Ғылыми Қоғамның мүшелері болып табылады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.bbc.co.uk