Ең қымбат қарбыз

Қара қарбыз – әлемдегі ең қымбат қарбыздың сұрпы болып табылады. “Дэнсукэ” деп аталатын қарбыздың бұл сұрпы Жапонияның Хоккайдо аралында өседі. 1980 жылдары бұл сұрыпты өсіру қолға алынған тұста, Хоккайдоның Тома аймағындағы дәстүрлі күріш шаруашылығы кенжелей бастаған-ды. Сондықтан да болар, қарбыздың бұл сұрпының атауы “күріш алқабының құтқарушысы”  деген мағынаны білдіреді екен.

                                                    

“Дэнсукэ” қарбызы табиғи қара түсімен және тіл үйірер дәмімен ерекшеленеді. Орташа салмағы 5-7 кг-ды тартады. Сирек кездесетін болғандықтан, қарбыздың бұл сұрпы жылда аукцион арқылы сатылымға түседі. Осы жылғы аукционға 110 данасы шықты. Негізінен бұл қара қарбыз сырты қара қорапшамен қапталады. Бұл оның табиғи түсін сақтап қалуға септігін тигізеді екен.

“Дэнсукэ” сұрыпты ең қымбат қарбыз осыдан бес жыл бұрын 650 мың иенге (6500$) сатылған болатын. Алдағы уақытта қарбыздың бұл сұрпының 60 мың данасы сатылымға шығады деп күтілуде. Оның әр данасы 50$ тұрмақ.

 

суреттер: dezinfo.net ,novoti.ru

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай