- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Ең кішкентай ғаламшардың...
Ең кішкентай ғаламшардың анық бейнесі түсірілді
Америкалық NASA агенттігінің Dawn аппараты Күн жүйесіндегі ең кішкентай ғаламшардың бейнесін суретке түсірді. Церераның беткі қабатын анық көрсететін фото 23 мамырда түсірілген. Сол күні америкалық зонд Церера ғаламшарына ең жақын нүктеде, яғни 5100 шақырым қашықтықта тұрған болатын. NASA агенттігінің мамандары ғарыштан жеткен суретті өңдеп ұсынды.
Церера – Марс пен Юпитер арасында айналатын жалғыз кіші ғаламшар. Аталған аймақта Күнді астероидтар да айналатындықтан, үнемі соқтығыс орын алып, ғаламшардың беткі бедерінде ойықтар пайда болған. Суреттен Церераның беткі бедеріндегі сол ойықтарды анық көре аламыз.
$473 миллион қаржы құйылған Dawn ғарыштық аппараты Веста мен Церераны зерттеу мақсатында 2007 жылы ұшырылды. Веста мен Церера Күн жүйесінің қалыптасуы кезінде пайда болған. Дегенмен, қазіргі ғалымдардың есебі бойынша, аталған ғарыш нысандары ғаламшарлар қатарына кірмейді. Айта кетсек, Веста мен Церераның құрылымын зерттеу арқылы Күн жүйесінің эволюциясын тану – Dawn жобасының негізгі мақсаты.
2011 жылдың шілдесі мен 2012 жылдың қыркүйегі аралығында Dawn аппараты Вестадан 530 шақырым алыстағы орбита бойымен айнала бастады. Ал Церераға ең жақын нүктеге биылғы жылдың сәуір айында жетіп отыр. Осылайша NASA ғарыш агенттігінің жаңа зерттеу аппараты ең кішкентай ғаламшарларды Жердің тартылыс күшінен алыс аймақта тұрып зерттеген алғашқы ғарыш кемесі атанды.
Жоспар бойынша, Dawn аппараты өз жұмысын 2016 жылы аяқтайды.
Ж. Өрісбай