- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Ең ғажайып хабар...
Ең ғажайып хабар
2000 жылы АҚШ журналистері соңғы жылдардағы он ғажайып хабарды саралап шыққан. Соның ішінде бір адамның өлімі жөніндегі мына бір хабар шынында да таңғажайып еді.
1994 жылы Нью-Йорк қаласының заң қызметкерлері бір мәйітті тексеру барысында басына оқ тиіп өлгендігін тұрақтандырады.
Өлушінің есімі Роналд Опус болып, оның жазып қалдырған өсиет қағазы өзінің биік ғимараттан секіріп өлмек болғандығын дәлелдеген. Сонымен он қабатты ғимараттың төбесінен секірген жігітке 9-қабаттың терезесінен атылған оқ басына тиеді.
Заңгерлер бұл істі жалғасты тексереді. Сонда 9-қабаттағы үйде тұратын ерлі-зайыптылар оның ғимараттан секіргенінен, ал өлуші 9-қабаттан оқ атылатындығынан мүлде хабарсыз екен. Мұны қазақша айтқанда «Құлақтың қасуына, мылтықтың басуы дөп келген» оқиға боп тұр. Бұдан да қызығы оқиға болудың алдында ғана 8-қабатта құрылыс жұмысы жүріп жатқандықтан, жұмысшылар 8-қабаттың тұсына қауіпсіздік торын жайып қойған. Демек, өлушінің басына оқ тимегенде, ол мүлде өлмеген болар еді.
Ал заң бойынша өзін өлтірмек болған адам мақсатына жете алмай, басқа себептен өлсе де, өзін өлтірген болып саналады екен. Әйтсе де, заңгерлер 9-қабаттан атылған оқтың мән-жайын тексере келе, бұл оқиғаның сипатында тағы да өзгеріс болады. Өйткені сол сәтте 9-қабатта тұратын қартайған ерлі-зайыптылар ұрсысып қалған да, ақсақал кемпіріне сес көрсетпек болып мылтықты кезеніп басып қалған. Ал оқ кемпірге тимей, 10-қабаттан жерге құлдилап бара жатқан Роналд Опустың басына тиіп, заң бойынша, ақсақал адам өлтірген қылмыскер болып шығады. Сонымен бұл өзін өлтіру оқиғасынан, қастандықпен адам өлтіру қылмысына өзгереді.
Ал ақсақал сотқа тартылған кезде, шал мен кемпір екеуі де «Біз мылтықтың ішінде оқ бар екендігін мүлде ойламаған едік» деп тұрып алған. Сонымен, түсіндіре келе, кемпірі екеуі үнемі ұрсысатындықтарын, ал күйеуі үнемі мылтықпен кемпіріне сес көрсететіндігін, мылтыққа бұдан бұрын ешқандай оқ салып көрмегендігін, бұл жолы оқ жоқ екенін біле тұра, мылтықты атқандығын, ешқандай адам өлтіру мақсатының болмағандығын айтып ақталады.
Енді бұл оқиға қастандықпен адам өлтіру қылмысынан, абайсызда жазым ету қылмысына өзгереді.
Сонымен, бұл оқиға әрі қарай тексеріледі. Сонда, мылтыққа оқты кім салған?
Тексеру барысында заңгерлер бір куәгердің сөзіне ие болады. Бұл куәгер осыдан 6 апта бұрын осы екі қарияның жалғыз баласы мылтыққа оқты салғандығын өз көзімен көргенін айтады.
Шешесінің өзіне экономикалық көмек бермегендігіне ашуланған ұлы, өз шешесін өлтірмек болады. Баласы әр жолы әке-шешесінің ренжіскен кездерінде әкесінің мылтықты алып сес көрсететінін біледі. Сонымен, мылтыққа оқ салып, шешесін өз әкесінің қолымен жазым етпек болады. Заңға жүгінсек, бұл қылмыс баласының ата-анасына қастық жасау қылмысына өзгереді.
Міне, сонымен қылмыс арт-артынан өзгеріске ұшырайды. Бір қызығы, оқиға бұдан да қызық болмақ.
Заң саласындағылар бұл қылмыстық істі әрі қарай тексеріп, соңғы қорытындысын жасайды.
Бұл шал мен кемпірді өлтірмек болған бала негізінде 10-қабаттан секірген Роналд Опустың өзі болып шығады. Сонша уақыттан бері шешесін қастандықпен өлтірмек ниетінде болған Роналд Опус мақсатына жете алмағандықтан, іштей торығып, 1994 жылы 24 наурызда осы он қабатты ғимараттан секіру бекіміне келіп, өсиет сөзін жазады. Сонымен, ғимараттан секірген кезде, баяғыда өзі оқтаған мылтықтың оғы 9-қабаттың тұсында өз басына тиіп, өледі.
Ақыры сот шешімі бойынша, бұл оқиға Роналд Опустың өз-өзін өлтіру қылмысы болып танылып, іс жабылады.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек