Ең алғашқы махаббат басталады партадан

Жер деген алып планетаны мекендеуші миллиардтаған адамдар үшін балалық шақ атты тәтті кезеңнен мәңгі өшпес естеліктер болып қалатын ұғымдар: мектеп, алғашқы ұстаз, парта, тақта... Мұнымен сіздің де екі қолыңызды көтере отырып, бірауыздан келісетініңізге сенімдіміз!

Өздеріңізді ең алғашқы мектептер мен алғашқы ұстаздар туралы хабардар еткен болсақ, бүгін білім нәрімен сусындауымызға және ең алғашқы әрі ыстық сезімдердің ұштануына себеп болған парта мен тақта туралы баяндамақпыз.

Мектеп тақтасы

Қарапайым мектеп тақталары қара жасыл немесе қызыл қоңыр болып келеді. Мұндай түсті тақталардың алдында есеп шығара алмай, ұстазыңыздан талай рет ұрыс естідіңіз... Немесе сынып кезекшісі болып, бормен ластанған сол тақталарды сулы шүберектермен тазартқан да боларсыз.

Мектеп тақталарының тарихы сонау XVIII ғасырлардан бастау алады. Алғашында олар сұр түсті қатпарлы аспид тастарының тілікшелерінен жасалатын болған. Мұндай тақталарға қара таспен (көмірден немесе графиттен жасалған) жазған көрінеді. Бір қызығы, сол заманда дәптер немесе кітап секілді әрбір шәкірттің жеке-жеке тақталары болуы тиіс еді. Мұғалім оларды тексеріп, қателерін түзетіп, жаңа тапсырмалар беріп отырған.

Ал, тақтаны сынып қабырғасына іліп қойып, дәріс өтуді алғаш ойлап тапқан Шотландиялық мұғалім Джеймс Пилланс екен. Мұндай тәсіл білім беру жүйесі үшін өте тиімді болды. Уақыт үнемделіп әрі барлық шәкірт бірыңғай білім алатын болды. Пилланстың бұл тәсілі әлем елдеріне тез арада тарап кетті.

Алайда грифель тақталарға түскен жазуларды оқу өте қиын еді. Оны үлкен көлемде дайындаудың өзі азаптың азабы болып табылатын. Осы олқылықты түзету мақсатында өткен ғасырдың бірінші жартысында бормен жазуға арналған тақталар жасап шығарылды.

Мектеп партасы

Бастапқыда парталардың ойлап табылуының негізгі мақсаты – оқушыларды бір-бірінен бөлек отырғызу еді. Өйткені, ең алғашқы сабақтарда оқушылар жерге отырып оқып немесе жерге жатып жазатын болатын. Бұл сүйек-бітімі бекімеген оқушыға ыңғайсыз, денсаулығына қауіпсіздігімен ерекшеленген. Атап айтсақ, балада миопия (алысты айқын көру төмендігі), сколиоз (омыртқа жотасының қисаюы), плоскост (жалпақтабандылық), остеохондроз ауруларының пайда болу-болмауы партаға да қатысты.

ХІХ ғасырда ең алғашқы парталар пайда болған мемлекет – Ресей. Оны ойлап тапқан да ресейлік атақты гигиенист  - Эрисман. Бүгінде Ресейде оның атында көптеген институттар бар. Эрисман ойлап тапқан парталар баланың сымбатын дұрыс қалыптастырып, көздерді де талдыртып жібермеуіне үлкен әсерін тигізді.

Эрисман «Алыстан көрмеудің пайда болуына мектептің тигізер әсері» атты 1870 жылы жазылған еңбегінде алыстан көрмеушіліктің оқушылардың мектепті аяқтар кезеңінде үдей түсетінін дәлелдеп шығарды да, мектеп сыныптарына көптеген талаптар қойды. Парталардың көлемін, оның тақтамен ара-қашықтығын есептеп шығарды.  Ол парталар бүгінде «Эрисман парталары» деген атаққа ие.

Әрине, біздің ата-апаларымыз отырған парталар мен бүгінгі парталарды мүлде салыстыруға келмейді. Ғылым мен техника дамыған ғасырда күн сайын парталардың түр-түрі ойлап табылуда. Мәселен, Англияның Крег Джиринджи атты қарапайым мұғалімі SmarteDesk атты компьютер орнатылған парта ойлап тапқан. Парта 2008 жылы жасап шығарылып, бүгінде шәкірттердің сапалы білім алуына өз үлесін қосып жатыр.

Суреттер:zhasorken.kz,mk-altera.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева