Бірінші жылтырау деген сөздің мәнін ашып алайық. Бізге жылтыр болып көрінетін заттарға қарасақ, жылтырауық – жарықтың шағылған (кері қайтқан) кескіні екенін аңғарамыз. Яғни жылтыр затты көру үшін екі нәрсе керек:
1) жарық көзі: Күн, Ай, лампа және тағы басқалары;
2) жарықты жақсы қайтаратын зат: металл, шыны немесе беті тегіс кез келген зат.
Бірақ не себепті домалақ заттар тегіс заттарға қарағанда жылтырағыш болады? Мәселе домалақ және тегіс заттарда жарықтың қалай шағылуында. Тегіс затқа жарық сәулелері түскенде, шағылу бұрышына қарай жарықты кері қайтарады, яғни жылтырайды. Еденге лақтырған доп сияқты.
Ал егер зат домалақ болса, сәуленің шағылу бұрышы жарық домалақ заттың қай жеріне түскеніне қарай анықталады.
Текше мен шардың жылтырауын салыстырып көрейік.
Текшенің әр қырында жарық жіңішке сәуле болып шағылады. Текшенің жылтырап тұрғанын көру үшін сәуле көзге түсетіндей бұрышқа тұру керек.
Ал шарда жарық жан-жаққа таралады. Қай жерде тұрсақ та шардың жылтырап тұрғанын көреміз.
Түйін. Мәселе домалақ заттардың жылтырағыш болуында емес, олар тек сәулені жан-жаққа таратады, сондықтан олардың жылтырын байқау оңай.