- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Дәйексіз деректер: Мектепте...
Дәйексіз деректер: Мектепте оқытылған 6 қате мағлұмат
Мектеп берген білімнің адамға қажет екені сөзсіз. Оны ешкім жоққа шығарған емес. Бірақ мектеп оқулықтарында да қателік кетеді. Олардың кейбірі ғылыми жаңылыстан тууы мүмкін. Сондай дәйексіз деректердің кейбіріне тоқталып көрсек.
Адам миының 10 пайызын ғана пайдаланады
Бұл деректің айтылмаған жері жоқ. Тіпті, мұны Альберт Эйнштейн айтты деген де дерек айтылды. Бірақ адам миының 10%-ын ғана қолданады деген деректің ғылыми негізі жоқ, оны дәлелдейтін мағлұмат та болмаған емес. Тек гипотеза күйінде қалған пікір.
Біз мидың белгілі бір бөлігін белгілі бір уақытта, мекенде қолданып, қалғанын қолданбауымыз мүмкін. Бірақ бір жерде болмасын бір жерде миды толық іске қосарымыз сөзсіз. Мұны магниттік резонансты томографияны қолдану арқылы білуге болады. Ол мидың белсенді бөліктерін көрсетіп береді. Егер мидың белгілі бір бөлігі істемесе, онда миға зақым келген деген сөз.
Наполеон Бонапарт қортық болған
Даңқты императордың бойы 169 сантиметр болған. Бұл – сол дәуірдегі француздардың орташа бойы. Тапал болған түгі жоқ.
Бұқа қызыл түске жүгіреді
Сиыр түр-түсті ажырата алмайды. Бұқа қызыл түске емес, матаға қарай жүгіреді. Мата қалай қозғалса, солай бұрылады.
Ғалымдардың айтуынша, бұқаның көзі алысты көре алмайды. Сондықтан алыстан көрінген, бұлғанған затты қауіп-қатер деп қабылдап, жүгіре кетеді.
Сезімнің 5 түрі бар
Сезім түрлері бұдан көп, шын мәнінде. Біз әлемді көріп, естіп, иіскеп, дәм сезу, түйсіну арқылы қабылдайтынымыз рас. Бірақ адам ауру мен температураны, қозғалыстың бағытын, тепе-теңдік пен дене болмысын да сезіне алады. Миды сезімнің сан түріне жауап беретін нейрондар бар.
Заттың үш күйі ғана бар
Физика мен химия пәндері табиғаттағы заттар үш күйде болады деп түсіндірді: сұйық, қатты және газ түрінде. Бірақ табиғатта шыны, коллоид, сұйық кристалл, т.б. күйінде кездесетін заттар бар. Бұларды қайда кіргізуге болады? Ғалымдар оқулықты ықшамдау үшін заттың үш күйін сипаттаған болар, бірақ табиғаттағы заттар үш күйде ғана болады деген қате тұжырым.
Жұлдыздың ең жарығы – Темірқазық
Темірқазықты жай адамға көру қиын. Сондықтан түнгі аспанның ең жарық жұлдызы Темірқазық деу қате. Ең жарығы – Сүмбіле.
Қ. Слямбек