- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Дәурен Тұрсынқұлов: "Бизнес...
Дәурен Тұрсынқұлов: "Бизнес жасау қиын емес"
Бүгін назарларыңызға жас бизнесмен Дәурен Тұрсынқұловпен болған сұхбатты ұсынамыз.
Дәурен 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Абай ауданында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық Университетіндегі "Философия және политология" факультетін 2011 жылы бітірген.
Шағын бизнестегі алғашқы қадамдарын бір жыл бұрын басқан ол қазіргі кезде қызмет көрсету саласында еңбек етіп жатыр.
- Дәурен өзіңіздің бизнесіңіз туралы айтып беріңізші?
- О баста қазіргі техника мен технологияның қарыштап дамыған заманына сәйкес бизнестің түрін таңдадым. Ол айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын мобильді телефондарды жөндеу және оған қажетті аксессуарларлармен байланысты. Бүгінгі таңда адамдардың барлығы дерлік мобильді телефонды кеңінен қолданады. Себебі сымсыз байланыссыз жұмыс бітпейді және уақыт үнемдеу тұрғысынан да байланыстың озық үлгісі ретінде мойындалады. Яғни, халыққа өте қажет дүние деп айтуға болады. Ал, ол техника болғаннан кейін бұзылады. Сосын оны жөндеу қажет болады. Немесе қуаттағышын, аккумуляторын ауыстыру қажет болып қалуы мүмкін. Біз осы қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жұмыс жасаймыз.
- Бизнес бастау туралы ой қалай пайда болды?
- Бизнеспен айналысуыма өзімнің алдыма қойған мақсаттарым жетеледі. Оның үстіне әлемнің алпауыт мемлекеттерінің барлығы бизнес жасау арқылы экономиклық жағдайын көтеріп отырғандығы жасырын емес. Кез келген магнатты алып қарайтын болсаңыз, олар бизнес әлемінде өз елдерінің отандық өнімдерінің дамуына, мемлекет бюджетінің толығуына, адамдардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне жағдай туғызып отыр. Демек, бизнес адамның өз материалдық жағдайын ғана түзеп қоймай, қарапайым халыққа да, мемлекеттің экономикалық жағдайының көтерілуіне де игі ықпалын тигізіп отырады. Осы тұрғыдан маған бизнес жасау ұнайды және бизнес жолын өзіме кәсіп еттім.
- Жұмыс барысында қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?
- Бизнестің қай түрін таңдаймын дегенде қиыншылықтар болды. Себебі айналысатын бизнес заман талабына сай, сұранысқа ие болуы керек. Екінші жағынан, біраз қаржы тапшылығы қиындықтар туғызды. Осы екі мәселе ғана алдымызда кесе көлденең тұрды, қалған мәселенің бәрі адамның өз қолындағы нәрсе деп ойлаймын. Жалпы іске сүйіп келген адам үшін бизнес жасау қиын емес.
- Ондай проблемаларды қалай шешуге болады?
- Бизнес түрін таңдау әр адамның жеке қасиеттері мен қызығушылықтарына байланысты. Баса айтқым келетін нәрсе мынау. Кез келген адам айналысып жүрген ісін сүймейтін болса, ол шаруаның дамып, өркендеуі қиын нәрсе. Сондықтан әр жан кәсіпті таңдағанда ең алдымен жүрегіне құлақ түріп, не нәрсеге қызығатындығын айқындағаны жақсы. Ал қаржы мәселесін шешудің бірнеше жолы бар. Қарапайым жолы бизнес жоспар дайын болған соң, құжатты банкке көрсетіп, кредит алу. Бұл жолдан бас тартсаңыз ақша жинауға немесе жақындарыңыздан алуға тура келеді. Идеяңыз мықты болып жатса, инвестор іздеуге де болады.
- Бизнеспен айналысу үшін адамға не керек?
- Әрине, ештене оңайшылықпен келмейді. Бизнес бастау үшін адамға ең әуелі қомақты қаржы керек болатындығын айттым ғой. Одан басқа, тиянақты бизнес жоспары болуы кажет. Және бизнесменнің өзіне деген сенімділігі пен тәуекелділігі мықты болуы қажет. Бизнеспен айналысқысы келетіндер көп. Бірақ оны жүргізе алмай, өз-өзін ақтамай қалу ықтималдығынан адамдар бизнеске көп бара бермейді. Бизнесте бәсеке деген ұғым бар. Бәсекеге қабілетті болу үшін, сіздің халыққа ұсынып отырған қызметіңіздің сапасы жоғары және көңілге қонымды бағада болуы керек. Кәсіпкер осы жағдайларды дұрыс есепке алып, бизнесін дамытуға дұрыс шешімдер шығарып отыруы тиіс болады. Осы себепті білім, ақыл қажет болады.
- Құрылғыларды жөндеумен айналысамыз дедің. Бұл салада білгір мамандар жеткілікті ме?
- Әрине. Қазақстанда білімді қыз-жігіттер өте көп. Жалпы қазірде білемін, оқимын деген адамға кедергі жоқ қой. Жалпы қазақ жастары арасында тек құрылғыларды жөндеу емес, тіпті жасап шығаруға да білімі жететін мамандар көп.
- Болашақта қандай жоспарыңыз бар? Қай бағытта дамымақсыз?
- Болашаққа жоспар істеп отырған бизнестің аясын кеңейту. Өндірістік бағытқа қарай бетбұру жоспарда бар. Бизнестің басқа салаларын да байқап көрмекпін. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы, білім беру саласы, құрылыс, тамақ өндірісі, киім бизнесін өндірістік тұрғыдан дамытуға күш салу жоспарда тұр. Бастысы білім, күш, уақыт, тәжірибе және қаржы мәселесін ұтымды ұштастырсақ көздеген межені орындап шығатынымызға сенемін.
- Массагет оқырмандарына бірдеңе дей отырыңыз?
- Массагет оқырмандарына айтарым біреу. Әрқашан алға ұмтылып отырғанын тілеймін. Жаңалыққа құмар болып, білім, өре деңгейін өсіруге күш жұмсаса екен деймін.
- Көп рақмет, Дәурен!
Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан
Сурет: ©Еркебұлан Қайрахан
Massaget