- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Бүркіттің дене атаулары...
Бүркіттің дене атаулары
1. Тамақ 2. Жемсау 3. Төс сүйек 4. Іші 5. Сан 6. Тобық (тірсек) 7. Айырық 8. Бау тағар (жіліншік) 9. Саңғыру жүн 10. Шуда (желке шуда). Қырандар қанат үлгілеріне қарай жіктелгенде доғал қанаттылар, үшкір қанаттылар деп бөлінумен бірге, құсбегілер тілінде қаршыға қанаттылар, сұңқар қанаттылар деп бөлінеді.
1. Бүркіт қанаты. Алдына-артына балық қарын сүйірлеу, үшкірлеу келгенімен, қаршыға қанатына жақындау бейімделеді. Бірақ дәл қаршыға қанатындай доғал да, сұңқардың қанатындай үшкір де емес. Оны сәл доғалдай көрсетіп тұрған шалғыларының қылыш қырында тұрған екі қауырсын. Олардың бірі, пышақ та, екіншісі, бес шалғының бірі. Бұл екеуі өзара ұзынды-қысқалы және өздерінен кейінгі шалғыларынан сәл келтелеу. Сол себепті бүркіт қанаты алдыңғы жағынан аздап доғалдау көрінеді. Қанат шалғыларының қылыш қырында бірінші болып тұрған әрі әлді, әрі қысқалау еліптері тарлау, әсіресе еліптерінің жебе жағы өте тар, қанат шалғыларының бәрінде де сүйірлеу келген бірінші қауырсынды қазақ құсбегілері пышақ деп атайды. Ол ауаны кесіп-тіліп қанатқа жол ашады деген ұғымды білдіреді. «Қаршыға қанат, сұңқар қанат» дегенде құсбегілер қаршыға мен сұңқар қанатын үлгі етеді де, доғал қанаттыларды қаршыға қанаттылар, үшкір қанаттыларды сұңқар қанаттылар деп түсіндіреді.
Құс қанаты қашанда алдынан артына қарай балық қарын сүйір, үшкір келеді. Бірақ олардың бірінің сәл доғал, бірінің үшкіл көрінуі қанат шалғылары бітімінің табиғатына байланысты. Доғал қанаттылар шалғысының алдыңғы қылыш қырындағы қауырсындары бірден екіге, кейде үшке дейін ұзынды-қысқалы болып бес шалғының ең ұзыны ортасында қалады. Шалғының қалған қауырсындары артына қарай қысқалтаңданып, одан ары ара қанат, ірге қанат болып аталады. Қанаттың осы үлгідегісі қаршыға қанаттыларға жатады. Ал сұңқар қанаттылар шалғысының қауырсын бітімі бұдан өзгешелеу болады. Олардың шалғыларының алдыңғы қылыш қырындағы қауырсындары ең ұзын болады да содан артына қарай біртіндеп қысқара береді. Сырттай қарағанда қанаттың алды қылыштың қырына ұқсас сүйір ұшты келеді де арты қайқы қылыштың жүзіне ұқсайды, бұл үлгілер сұңқар қанаттыларға жатады.
2. Шалғы. Бұл сөз ауыспалы, көп мағынада келетіні белгілі. Мысалы, егін, шөп шабатын шалғы. Шалғы сап, шалғы орақ, адамның мұрт шалғысы, құс қанатындағы ұзын қауырсындар шалғысы дегендей. Шалма тұзақ, шалма арқан, мойнына орайтын шалма орамал, күрескенде аяқтан шалу, малдың, адамның ізін шалу, көзге шалынды, қырсық шалды деген сөздерде шалғы сөздері кейде етістік, кейде есімдік ретінде сөйлемдерге қосылып, әр түрлі мағынада жиі ұшырай береді.
Ал біздің айтқалы отырған шалғымыз құс қанатының ең ұзын он қауырсыны (он шалғысы). Бірақ құсбегілер мұны он шалғы деп атамайды. Тек сыңар қанаттағы бес қауырсынды ғана бес шалғы, күрек шалғы, сабау шалғы дейді. Бүркіт қанатындағы қауырсындардың көбінде жеке-жеке атаулары бар. Ал солардың ішінде шалғы деп аталған қауырсындардың әлділігі, жебелігі және бүтіндігі мен тұтастығына ерекше назар аударады. Құс қанатындағы қос шалғы ұшу, қонуға байланысты барлық қимылдың негізгі құралы. Оның үстіне қыран біткеннің көркі де осы шалғы. Біздің құсбегілеріміз (бұл жерде автор ҚХР Шынжаң өңіріндегі құсбегілерді айтып отыр) құс шалғының ұшы артына қарай иіндеу, сәл үшкілдеу болса, мұндай құсты талғамдық күйі жеңіл деп есептейді. Жалпы алғанда, шалғы ұшының үшкіл келгенін ұнатады. Шалғыға байланысты сөздер өте көп, осының ішінде ауызға көп алынатыны қыран қанатын жайып, жайбарақат отырғанда, қос шалғының бір-бірімен айқасқан жерінен қауырсыны ұшына қарай молырақ шығып тұрса, айқасқан артық жері бір сүйемнен кем болмаса, бұл ұшқыш құстың белгісі, алғыр, қырағы деп қарайды. Құс қанатының таң қаларлық бір ерекшелігі – ол құстың қалауы бойынша барынша жазылып-керіліп, қажет болғанда, кішірейіп ықшамдалып, қысылып, сығылып кейде бүктеліп, қатталып, жиырылып отырады, тіпті оның кейбір қауырсындары өз алдына жеке қимыл жасау арқылы өз міндетін ойдағыдай атқарады, әсіресе жеке қимыл жасайтын жетім шалғы адамның саусағы тәрізді. Алақан ырқымен қимылдайтын «пышақ» деп атайтын жалғыз қауырсыны да өз қызметін мінсіз орындайды. Ал біз шартты түрде алып отырған алақан тарауының бірінші және екінші буын бақалшықтарына орналасқан бас қауырсында өз алдына қимыл-әрекет жасап ашылып, жабылып, тарылып, қысылып қатталады. Құс қашанда өз денесін осы бас қауырсыны (бас шалғы) арқылы теңеп ұшып тілеген жеріне жетеді. Сол үшін де құсбегілер бас шалғының қамын толғана ойланып, әсерлі әңгімелеп, көп қадала зерттейді. Егер дана құсбегі кемтар шалғы қауырсын түлек кезінде түспей қалса, оны жасанды жолмен қолдан түлетеді, аңға салып жүрген құстың бірер шалғысы сына қалса, дереу жалғап бүтіндейтін шеберлік керек.
3. Елп. Бұл сөзің төркіні белгісіз. Қазіргі сөз қорымызда еліп жеңіл, өте жеңіл, салмақсыз, қаңғажақ, қаңғалақ деген ұғымды білдіреді. Адамның мінез-құлқына қарай айтқанда, жеңіл мінез елпілдеген, тіл алғыш, елгезек адам. Құрақ ұшып, бәйек болады, кейбір жеңіл құбылысты түсіндіру үшін де елп ете қалады. Бостық пен заттың бір-біріне тиісіп тұрған сызығы, шегі. Бір заттың үлбіреген шегі айналадағы бір дүниенің көз ұшында әрең көрінетін сұлбасы. Көзге әрең ілінетін шеті жұқарған үлбіреген қыры деген сияқты айтыла береді. Ал құстың қауырсынындағы елп сөзі де жеңіл, өте жеңіл, салмақсыз, қаңғажақ деген мазмұндарда айтылса керек. Міне, осындай елпетер құстың жүні мен қауырсындарының әрбір талында болады. Жүндері мен қауырсындарының түбінен ұшына дейін екі жағына қос жарнақты (симметриялы) тәртіппен қарама-қарсы орналасқан, түк талшықтарын құсбегілер (елп) деп атайды. Елптегі әр талшықтың өзі жеке-жеке қауырсын сияқты келеді де олардың екі жағынан симметриялық тәртіппен түбінен ұшына дейін елптер орналасқан. Бұл еліпшелер көзге көрінбейтін дәрежедегі нәзік талшықтардан тұрады. Сол нәзік талшықтардың түстері арқылы өзара бірігіп кетіп, сырттай қарағанда қауырсын елптері бір бүтін зат болып көрінеді. Қаз-қатар тұрған қауырсындардың астынан артына қарай жабысып, елптің кең иықты көбе жағы қауырсынның үстінен алдына қарай елптің тар қияқты жебе жағы айқасып басып тұрады. Елпшелердің тығыздығы, өзара жиілігі жауын-шашын, жел-құзды өткізе қоймайды. Оның үстіне қауырсындары мен жүндері қабат-қабат, бірін-бірі нығарлап басқан мамық дене жылылығын сыртқа шығармайды әрі жеңіл, әрі берік, әрі жылы елптерді құстың кіреукелі жамылғысы десе де болады, аңмен айқасқан кезде елптер тарылады, ыдырайды, қауырсындары сынады. Таралған еліптерді құс өз тұмсығымен тарақтап табиғи қалпына келтіреді. Ал сынған қауырсынды құсбегілер жамап-жасқап бүтіндейді, қанатты серігінің тілегін жалғайды.
4. Көбе-жебе. Түп төркіні белгісіз осы екі сөз көп орында айтылады. Көбе тырнақтың етке тірелген кесер сызығы. Тұяқ, тырнақ құндыздығы немесе құндыздықтың тұяққа тірелген жиегі, жердің, жартастың, құздың, қабақтың жалпы жер бедерінің жер табанға, ұлтанға тиіп тұрған сыртқы сызығы, өбіскен жерлері, іргесі, ірге сызығы, найза, сүңгі, серелердің темір ұңғысына сұғынған, ағаш саптың қылқа мойын сызығы. Садақ таяқшаның артқы жағы, ат құйрығы қыл талшықтарының құйқа тері арасындағы соқталы бөлегі. Жалпы мазмұны негізгі денеге, түп денеге, үлкен денеге кіре өбіскен жиегі, ірге, ірге жақ жиек, арт жақ, соңғы жақ, оңаша жақ.
«Көп оғының арасынан сұр жебе деген оқ алды». Садақ оғының ұшы, жебесі, жебелі-жебесіз, ұзынды-қысқалы өлшем. Құс жебей ұшты, қанатын жебей қақты, әруақ, пір жебеді. Бүгін қосақты қойды жебей сауды сияқты осы сөздердің жалпы мазмұны – жылдам, тез, алымды, ұтымды, өткір деген ұғымды байқатады.
Қанат пен құйрықтың ауаны жарып отыратыны алдыңғы қырлары жебе қауырсынның етке кіріп тұрған елпсіз жағы. Көбе қауырсынның елпті бөлегі жебе деп аталады. Сонымен бірге, бір тал қауырсынның қанат алдына қарай сырт үстіне айқасқан елп жебешігі жағынан қанат артына қарай сұғылған елп көбе деп аталады. Қай қауырсын болмасын олардағы елптердің жебе жағы тар қияқты, көбе жағы кең қияқты келеді. Бір ғажабы жебе жақ елптердің үлбіреген өте жұқалау қыры бәрі бірдей үстіне қарай имиген. Маймақ біткен елптердің осындай оңды-солды (теріс) маймақтығы, өте жұқалығы, жабысқақтығы арқасында өскен жерлерінен оңайшылықпен сетіней қоймайды.
5. Ара қанат. Бүркіт қанатында шалғыдан кейінгі ұзын қауырсындар болады. Шалғыдан қысқа, қанаттан ұзын келеді де алдынан артына қарай бірінен-бірі қысқалтаң болады. Шалғыға қарағанда ара қанат қауырсындарының ұштары доғалдау, ірге қанатқа қарағанда сәл үшкілдеу, жебе елптері бәрі біркелкілеу тар қияқты, көбе елптері біркелкілеу кең қияқты келеді. Құс қанатын жайғанда, ірге қанат қауырсындарымен қатар көрінетін, құс қанатын жиып отырғанда, шалғы қауырсындармен бір қатарға жиылатын қауырсынды құсбегілер ара қанат дейді.
6. Ірге қанат. Құс қанатының негізгі үлкен бөлегін құрап тұрған мүше – сыңар қанатта ірге қанат санатына кіретін он алты қауырсын бар болып, құс қанатын жайғанда, ара қанатпен бәрі бір қатарда көрінеді де артына қарай сүйірлене қысқалтаңдап, кішірейіп, ұсақтап барып сырттай қарағанда арты жүн кіреуке қауырсындарының астынан шығып тұрғандай көрінеді. Шын мәнінде бұл қауырсындар топшысы мен жауырын арасында тұрған тоқпас жіліктің, кәрі жіліктің сүйектеріне ғана көгенделген. Құс қанатын жайып отырғанда, пышақ бас шалғы ара қанаттар топшыдан бір-ақ бөлектеніп салбырап төмен түседі де топшы жоғары көтеріліп құстың иығына сүйенеді, ал қысқалтаң он алты ірге қанат қауырсын олардың үстінен баса қабатталып, қысқа тонның етегіндей пышақ бас шалғы ірге қанаттардың кеуде жағын түгел жауып тұрады. Үстінен қабатталып келеді, қазақ халқы киіз үйдің немесе басқа бір дененің қара жерге тиіп тұрған жиек сызығын ірге деп атайды. Керегеге жанай салған төсектің ірге жақ екінші жағын от жақ деп атайды. Адам көп орналасқан елді мекенді іргелі ел дейді. Ал қанаттағы қауырсындардың мол бөлегі болғандығы ма? Әлде шалғылары қанаттың алды деп айтылған он алты қауырсынды арты іргесі дегені ме? Неге екені белгісіз, осы қауырсынды құсбегілер ірге қанат атаған.
Авторы: Кәміл Қасенұлы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: masa.kz, astana-akshamy.kz, vk.com
M. Auelkhan