2009 жылы Жапонияның Осака қаласындағы университеттің профессоры әрі робот конструкторы Хироши Ишигуро өзінің сыңар-роботымен бүкіл әлемді тамсандырған болатын. Яғни бұл андроид бүкіл келбетімен өз құрастырушысынан айнымайды. Роботтың кереметі сол, адам бетінің қарапайым жасаған эмоциялық әрекеттерін қайталайды. Өз жаңалығын әлемге мойындату үшін Ишугуро роботты түрлі конференцияларға қатыстырған, керек десеңіз, бұл роботты Ишугуро өз орнына лекцияларын жүргізуге де шығарған. Ишугуро камера алдына отырып, лекцияны оқитын болса, робот дәл соны қайталайды екен.
Тұрақтылықты ұнатпайтын Ишугуро 2010 жылы өзінің егізінің дамыған түрі Geminoid F-ты құрастырды. Осака қаласындағы баспасөз маслихатында Geminoid F-ты ұсынар кезде, өзінің прототипімен бірдей киініп шыққан. Өзінің жиырма жасар егіз-сыңары жаңадан туылғандай сезінген қыздың қуанышында шек болған жоқ. Geminoid F-тың ең басты ерекшелігі адам бетіндегі бүкіл эмоцияны қайталай алады. Яғни ол күледі, ренжиді, басын изей алады...
Kokoro компаниясымен бірге жұмыс атқарған Ишугуроның бұл жұмысы алдыңғы клонынан да керемет, шынайы болды. Бұл модельде 12 сервомотор қолданылса, алдыңғысында 50 сервомотор қолданылған. Алдыңғы модельде қосымша қорапша болса, Geminoid F барлық техникасы ішіне енгізілген кейпімен таң қалдырады. Яғни сіз Geminoid F-ты кеңсеңіздің алдына ұялмай қойып, келген қонақтарды күліп қарсы алуын әмір ете аласыз. Тексеріс барысында құлтемір осы істі толық күйде жақсы атқарып, сынақтан сүрінбей өткен. Дәрігерлік емге келген ауруларды күліп қарсы алған робот емделушілерге өте жақсы әсер еткен. Бұл темір тіпті театр сахнасында ойнап та үлгерген. Робот құрастырушы компания қара шашты сұлу робот ханымды кез келген клиентке он миллион иенге, бұл шамамен 110 000 АҚШ долларға құрастырып бере алады екен.
Осындай кереметті жасатуға ұсыныс білдіргендердің бірі - Даниядағы Ольборг университетінің профессоры Хенрик Шарф. Ол өзінің екінші сыңары Geminoid DK-ны жасатуға 200 000$ көлемінде ақша төлеген болатын. Яғни оның негізгі мақсаты IRL: In Real Life 2011 көрмесінде сыңарына лекция оқытпақ болған.
Үш робот та компьютерлік әдіспен өзінің егіз адамының іс-әрекеттерін қайталайды. Бұл андроидтарды жасауда негізінен ғылыми жолды ұстанған Хироши Ишугуроның ойынша, бұл роботтармен сөйлескен адам өзін-өзі тани түседі. Соңғы қорытындыны халық пен ғалымдар берер деген ойдамыз. Ал әзірше бұл құлтемірлер фантастикалық кинолардағыдай дөңгелек үстел үстінде бір-біріне жымиып қарап отыр.
Автор: Мақсат Мұғалім
Суреттер Ғаламтордан алынды