- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Бөлшектерге назар аударайық...
Бөлшектерге назар аударайық
Классикалық киімдердің күнделікті өмірге сіңіп кететіні сонша, олардың бөлшектеріне назар аудармай жатамыз. Ойлап табылған бойда, ол бөлшектердің өзіндік функционалдық қызметі болған. Қазір көбі ол қызметінен айрылса да, оларсыз кейбір киімдерді елестете де алмаймыз.
Джинсыдағы «бесінші» қалта қайдан пайда болды?
Бұндай қалта алғашқы Levi's 501 XX джинсыларында 1873 жылы шыға бастаған. Оның не үшін ойлап табылғандығы жайлы бірнеше болжам бар. Соның бірі, қалта шынжырлы сағаттарды салу үшін – ол кездері қалта қазіргіден біраз көлемді болған, сондықтан сағат еркін сыятын. Айтпақшы, Levi's каталогтарында ол әлі күнге дейін «watch pocket» деп аталады. Ал басқа болжамдарға сенсек, қалта жұмысшылардың ыңғайы үшін ойластырылған – қалтаға шегелерді салу ыңғайлы, ал алтын іздеушілер оған тапқандарын салып отырған. Сонымен қатар, үшінші нұсқа да бар, ол бойынша бұл қалталар Zippo отжаққышын салу үшін арнайы жасалған. Өйткені оны көптеген ковбойлар киетін болған, сол себепті қалта да солардың сұранысына сай тігілген.
Әскери күртешелердің сол жеңіне не үшін қалта тігеді?
Бұндай қалта тұңғыш рет 1940 жылдың басында АҚШ ӘӘК-нің реактивті ұшақ ұшқыштарының В-15 әскери күртешелерінің жеңінде пайда болды. Ол ұшқыштың майда-шүйде заттарын салуға пайдаланылған еді және атауы да соған сәйкес «сервистік» деп аталған, алайда қолданыста — «темекілік» қалта деген атау да бірге жүрді (ұшқыштың жүйке тоздырар жұмысын ескеріп, темекісі оңайда тұрсын деген ниетте). Сонымен қатар, қалтаның үстіне қалам, қарындаштарды салу үшін қосымша қалташалар тігілген. Олар ұшқыштың карта сызуына қажет болған.
Кейіннен бұл қалта басқа да әскери күртешелерде пайда болды: аңызға айналған MA-1 Flight Jacket-те және оның заманауи нұсқасы CWU 45/P-те және N-3B маркасында.
Тренчтің оң иығындағы қаптама не үшін қажет?
Тренчкот – бұл ХХ ғасырда Томас Берберридің британ армиясы үшін жасаған плащы. Екі жағына бірдей қаусырмалы конструкциясы, погондар, қайырма жаға мен белдік – оның міндетті атрибуттары болып саналады. Бұдан басқа, осы сырт киімге тән бірнеше көзге білінбейтін бөлшектері бар. Мысалы, оң иығындағы матадан жасалған қаптама. Бұл қаптама плащтың матасынан жасалып, погон тұратын жерден сәл төмен орналасады және әдетте түйме арқылы қадалады.
Бастапқыда бұл бөлшек атыс кезінде мылтық дүмінің соққысын жеңілдету үшін және иықты мылтық бауының қажауынан сақтайтын. Кейін плащ сәнге айналып, осы бөлшек өзгеріссіз қалды.
Шалбарда неге қыр бар?
Шалбарда қырдың пайда болуы XIX ғасырдың соңына тұспа-тұс келеді. Бұл кезеңдерде Еуропада фабрикалық дайын киімдерді тігу үрдісі дамиды. Оны жергілікті тұрғындар үшін ғана емес – көбін теңіз асырып жіберетін. Және кеме трюмдеріне киім-кешек көп сыюы үшін, көп орын алмауы үшін тиеуден бұрын оларды бір-біріне сығымдап, қатты нығыздаған. Мұндай теңіз саяхатынан кейін шалбарларда қатты қатпарлар пайда болған. Мұны кетіру де оңай емес. Ал, америкалықтар мұндай ақауға назар аудармай, тіпті сәнге айналдырып жіберген.
Бас киімдегі шашақ не үшін қажет?
Бас киімдегі шашақтың да әскери тарихы бар. XVIII–XIX ғасырларда шашақтар әскердегі айырмашылықтың белгісі болатын. Оның түсі мен пішініне қарап қарапайым әскериді офицерден ажыратып алуға және қай жасаққа немесе полкқа кіретінін білуге болатын. Сонымен қатар, шашақ француз теңізшілерінің бас киімдеріне тігілетін, бірақ мұндағы қызметі тіпті басқа еді. Сол кезеңдердегі кемелерде кеңістік тар, төбесі аласа болатын, ал шашақ сондай шығыңқы жерлерге басты ұрып алудан қорғайтын.
Шашақты бас киімдер (bobble hat деген де атауы бар) құтырған ағылшын футбол фанаттарының бір-бірімен төбелестерінде бастарына зақым келуден қорғап қалатындығы күмәнді, алайда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары дәл осы бас киім олардың гардеробтарында пайда болды. Жанкүйерлерден басқа, жығылған кезде бастарын қорғап қалуы екіталай болса да шашақты шапкаларды шаңғышылар да киген. Бір сөзбен айтқанда, әскери униформалық маңызы кеткен соң шашақ өзінің функционалдылығын жоғалтып, сәндік бөлшекке, қыстың әдемі атрибутына айналды.
Сурет: furfurmag.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina