"Бөгдепланеталықтың" құпиясы ашылды

Осы бір 15 сантиметрлік "бөгдепланеталық" табылғалы 10 жыл өткен соң, Стэнфорд университетінің ғалымдары "Бұл қаңқа – тірі кезінде адам болған" деген сенсациялық мәлімдеме жасады. 

Кішкене ғана гуманоид Чилидегі Атакама шөлінен осыдан 10 жыл бұрын табылған болатын. Табылған соң, әлем ғалымдары арасында үлкен дау тудырып, бір ғалымдар бұл жетілмей қалған адам не маймыл болуы мүмкін деп даурықса, келесі біреулері Жерге қонарда, апатқа ұшыраған бөгдепланеталық деп болжаған еді.


Чили газеттері жарыса жазғандай, қаңқаны Оскар Муньос есімді адам 2003 жылдың 19 қазанында тауып алған екен. Ол Ла Нория атты Атакама шөліндегі "елестер қаласынан" тарихи жәдігер іздеп жүрген. Кенет қараусыз қалған шіркеудің жанынан ақ матаны көзі шалады. Матаны ашып қалса, ішінде 15 сантиметрлік өзгеше қаңқа жатқан. 

Атакама гуманоидына Стэнфорд университетінің ғалымдары 6 айдан аса асқан ұқыптылықпен зерттеу жасады. Ол ғалымдар үшін үлкен құпияға айналып, қандай да бір шешім шығаруға ешкім де бата алмай жүрді. Тек 2012 жылы олар қаңқаны рентгенге түсіріп, жілік майынан ДНҚ-сын алып, тексерді.

Осы бір нақты қадамдардан кейін ғана олар дүниені дүр сілкіндірген мәлімдеме жасап отыр. Стэнфорд университетінің ғалымы Гарри Ноланның айтуынша, "Қаңқа 6-8 жасында өлген ер адамның мутациясы. Бұл маймыл емес деп сенімді түрде айта аламын. Бұл – адам".

Бұл мәлімдеме "Сириус" атты голливудтық деректі фильмде жарияланған. 

Ғалымдардың мәлімдемесіне не дейсіз? 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: liveinternet.ru