- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Биыл елімізде 4G-технологиясы...
Биыл елімізде 4G-технологиясы іске қосылады
Елімізге 4G технологиясын биыл енгізбекші. Бұл туралы Астана қаласында өтіп жатқан Connect-2012 атты форумда ҚР көлік және телекоммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бүгін біз демеушілермен кездесіп, жаңа технологияның қажеттілігі туралы әңгіме өрбіттік. 4G технологиясын осы жылы Алматы мен Астана қаласында пилотты жобада енгізуді бастаймыз. Келесі жылы 4G технологиясын толық қарқынмен Астана, Алматы, еліміздің басқа да қалаларында дамытуды көздеп отырмыз"-деді министр өз сөзінде.
4G - ұялы байланыста қолданылатын технологияның ұрпағы. Оның көмегімен қолданушылар жоғары сапалы ұялы байланыс пен жоғары жылдамдықтағы мобильді интернетке қол жеткізіп, әрдайым байланыста болу мүмкіндігіне ие болады.
Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, ғаламтордың елімізде дамуы мен енгізілуі 50 пайыз көрсеткіштен асып түсті. Бұл 3G, басқа да мобильді технологиялар дамуының арқасында мүмкін болды. "Алға қарай әлі де ұмтылу қажет"-деді министр.
Естеріңізге сала кетсек, ертеректе Жұмағалиев 4G байланысы үшін қолданылатын жиілік диапазоны туралы мәлімдеген еді. Қазіргі кезде 4G енгізу үшін мекеме 2500-2700 мегагерц, 2300-2400 мегагерц, 700-800 мегагерц жиілік диапазондарын қолдануды қарастырып отыр.
Сурет: Дмитрий Хегай©