- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Биотикалық және абиотикалық...
Биотикалық және абиотикалық ресурстар
Табиғи ресурстар – жер бетінде табиғи жарытылыс негізінде пайда болған қор. Жан-жануар мен адамның тіршілік кешіп, өмір сүруі үшін қажет. Табиғи ресурстарға жер, су, қазба байлық, орман, жануарлар, мұнай, көмір, ауа, минералды ресурстар, күн сәулесі жатады.
Адам табиғи ресурстарды қолдан жасай алмайды. Бар қорды өңдеп, өзгертіп, өз мақсатында қолданады.
Табиғи ресурстар биотикалық және абиотикалық болып бөлінеді. Биотикалық ресурс дегеніміз – органикалық заттардан, ал абиотикалық ресурс дегеніміз – ограникалық емес заттардан пайда болған ресурстар.
Биотикалық ресурс
Биотикалық ресурс органикалық заттардан, яғни, жанды нәрселерден, тіршілік иелерінен пайда болған ресурс. Бұған биосфера мен экосфера негіз болады. Мәселен, мұнай, көмір, табиғи газ сынды пайдалы қазбалар жануарлар мен өсімдіктердің (ағаштың) қалдықтарынан миллиондаған жыл бұрын пайда болғаны белгілі.
Абиотикалық ресурс
Абиотикалық ресурс ауа, су, жер қабатынан пайда болған ресурстар, яғни, органикалық емес заттар. Бұған ауа, су, күн, минералдар (темір, алтын, күміс, мыс, титан, алмаз, т б.) жатады.
Табиғи ресурстар да мәңгілік емес, әйтеуір күні таусылуы мүмкін. Қазір адамзат алдында табиғи ресурстарды сақтап қалу міндеті тұр.
Ресурстардың таусылуына себеп болуы мүмкін:
1. Халық санының өсуі. Халық саны екі ғасырда кәдімгідей өсіп кетті. БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, қазір жер бетіндегі халық саны 7,7 миллиардқа жетті. Қытай сынды елдер демографияны реттеу үшін, тууға шектеу қойды.
Адам көбейген соң, оны қамтамасыз етуге де көп ресурс кетуде. Орман оталып, тұщы су азаюда. Егіндік жерлер тарылып, пайдалы қазбалар кемуде. Тұтыну көрсеткіші бұрынғы ғасырларға қарағанда әлденеше есе өсіп кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамынша, халық саны 10 миллиардқа жеткен кезде ресурстар таусылып қалуы мүмкін.
2. Ауыл шаруашылығы. Халықты асырау үшін жер керек. Жер – өнім беруші. Егіннен, малдан алынған өнім адамзатқа тағам. Жер шарындағы осыншама халықты тағаммен қамтамасыз ету үшін көп жерге егін егіп, жайылымды кеңейту керектігі түсінікті.
3. Ғаламдық жылыну. Ауаға таралған көміртегі мен газдар атмосфераны ластауда. Содан ғалам жылынып, климат көтеріліп кетті.
4. Экология. Экология биотикалық және абиотикалық ресурстардың сақталуына тікелей әсер етеді. Кәсіпорындардан шыққан қалдық ауаға тарап, пестицид сынды химиялық препараттар жерді улауда.
Көптеген ел экономикалық көрсеткішті көбейтуді ойлап, жер шарын, оның ресурстарын сақтап қалуды ұмытып барады.
Қ. Слямбек