Су астында орналасқан Кавачи жанартауын зерттеумен айналысып жатқан америкалық ғалымдар ерекше жағдайға тап болды. Олар кратер түбінде тіршілік ететін акулаларды кездейсоқ видеоға түсіріп алған. Тынық мұхитының оңтүстік-батысында орналасқан жанартау кратерінде судың қышқыл әрі жоғары температурада болуына қарамастан тіршілік көзі сақталған екен.
Теңіз жануарларының мұндай табиғи ортада аман жүруі ғалымдарды ойландыруда. Кратерде акулалардан басқа Hexatrygon Bickelli теңіз скаты, медуза және майда балықтар бар екен.
Енді ғалымдар балықтардың қоршаған ортаға бейімделу шамасын зерттемек. Себебі жанартау аузындағы жоғары температура мен жер астынан бөлінетін қышқыл минералдар кез келген тіршілік иесі үшін өте қауіпті.
Айта кетелік, Кавачи 1939 жылдан бастап белсенді жанартаулар тізіміне кіреді. Ол атқылаудың әсерінен сегіз рет теңіз деңгейінен жоғары көтерілген. Бүгінде Кавачи жанартауы 45 метр тереңдікте жатыр.