Кейс Вестерн Резервтегі университеттің студенттері Оңтүстік Америкадағы Анд тауларынан әртүрлі кейіпке ене алатын бақаны тауып алды. Студенттерді таңдандырған қосмекенді «Белгісіз адамдар» (Люди Икс) ғылыми-фантастикалық фильміндегі Мистик есімді кейіпкердің қабілетіне ие. Pristimantis sobetes типіне жататын бақа бірнеше минутта өзі басып тұрған жердің түсі мен сипатына бейімделе алады.
Бақаның бұл түрі ғалымдарға бұрыннан белгілі болған. Бірақ оның қоршаған ортаға қарай терісінің түсін өзгертуі бірінші рет байқалып отыр. Айта кетсек, осындай қабілетке Marvel компаниясының комикстерінен танымал мутант Мистик те ие болатын. «Белгісіз адамдар» (Люди Икс) фильмінде Мистиктің рөлін америкалық актриса Дженнифер Лоуренс сомдаған.
Ерекше қабілетке ие бақаны ерлі-зайыпты Кэтрин және Тим Кринактар Эквадор ормандарындағы Reserva Las Gralarias ұлттық қорығында тапқан. Зерттеушілер оны тауып алған кезде түсінің тоқ жасыл әрі терісі бүдір болғанын айтады. Кэтрин бақаны қорапқа салып, біршама уақыттан кейін оның түсі жасылдан қоңырға өзгергенін көреді.
«Сосын қорапта жатқан бақаның айналасына мүк салып, тағы біраз күттім. Жасыл түс қайтадан пайда болды. Оған қоса, тері қабаты тікенек тәрізді бүдірлене түсті. Біз өз қөзімізге сене алмай тұрдық. Ол терісінің құрылымдық сипатын толығымен өзгертіп жіберді. Ал бақаны тегіс жерге қойғанымда, терісі де бір қалыпқа келді», - дейді Кэтрин Кринак Newsweek журналына берген сұхбатында.
Зерттеушілердің айтуынша, бақаның мұндай камуфляжы қоршаған ортада қолайлы жасырыну мүмкіндігін береді. Қазіргі кезде ғалымдар Амазонка ғажайыбының түрлеріне кешенді зерттеу жүргізуде.
Сурет: www.10-walls.com
Оқи отырыңыз:
Аэрогель – негізгі құрамы ауадан тұратын әлемдегі ең жеңіл материал
Ғалымдар Күн сәулесінен сұйық жанармай алу жолын тапты
Стэнфорд ғалымдары қартаймаудың амалын тапты
Ғалымдар мұнайдың орнын басатын қуат көзін Айдан тапты