BBC байқаусызда тікелей эфирге бөтен адамды шығарып жіберген

BBC байқаусызда тікелей эфирге бөтен адамды шығарып жіберген

Браззавиля қаласының (Конго Республикасы) бұрынғы тұрғыны, сол кездегі жұмыссыз  Гай Гома Лондонның батысында орналасқан ВВС телеорталығына IT-маманы ретінде әңгімелесуге (собеседование) шақырылған болатын. Осы кезде арнайы күту бөлмесінде студияға келіп тікелей эфирде Apple мен тағы да бір компания арасындағы болып жатқан сот процесіне орай өз ойын білдіру үшін жоғары технологиялар бойынша сарапшы Гай Кьюни дайындалып отырған болатын.  

Сол кезде Гай Кьюниді күту бөлмесінен шақырып келуге тиісті телестудия қызметкерінің қате нұсқауымен олар сарапшыны басқа жерден іздей бастаған екен. Ал оның отырған жерін сұраған кісіге әкімшілік қызметкері сенімді түрде әрі бірнеше рет Гай Гоманы нұсқаған. Алайда телестудия қызметкері Гай Кьюниді фотосуреттен көріп, оның аққұба әрі бойы аласа екендігін білетін еді. Бірақ уақыттың тығыз болуына байланысты, ол өзін қателескен шығармын деп ойлап, конголық жігітті студияға тікелей эфирге шығарып салады. Одан сәл уақыт бұрын ол қонақтан: «Сіздің атыңыз шынымен де Гай ма?» деп те сұрап алады. Ал Гома болса оған: «Дәл солай» деп жауап қатып, осыдан кейін қызметкер оның дәл сол қонақ екеніне түпкілікті сенеді.

Осылайша ол Гай Гоманы BBC News 24 студиясына алып келеді. Оған асықпай, макияж жасап, телекамера алдына отырғызып, микрофондарын да бекітіп береді. Біраздан соң тікелей эфир де басталып, жаңалықтар жүргізушісі Карен Боуэрман көрермендерге Гоманы интернет-технологиялар саласындағы сарапшы Гай Кьюни деп таныстырған мезетте ғана, Гома үлкен қателіктің орын алғанына көзі жетіп, біраз уақыт сөзге келе алмай қалады. Оның осы сәттегі түрі де кадрда анық байқалады. Бірақ соған қарамастан, ол өзінің француздық акцентімен араласқан ағылшын тілінде Apple Corps  пен Apple Computer арасындағы сот ісіне байланысты және оның салдары музыкалық индустарияға қалай әсер ететіндігі жөніндегі өзіне қойылған сұрақтарға шамасы келгенше жауап беріп, "сарапшы" рөлін сәтті орындап шығады.   

Егер аталған видеода Гай Гоманың таңқалысы көрсетілген кадрды есепке алмайтын болсақ, интервьюдің шынайы болғанына Кьюниді жақын танымайтындардан басқалары еш күмән келтірмейтін шығар. Ал Кьюнидің өзі болса күту бөлмесінде отырып, «өзін» теледидардан көріп, есінен танып қала жаздапты.

Айта кету керек, Гай Гома өзінің атышулы интервьюінен қырық минут өткеннен кейін он минутқа созылған әңгімелесуге шақырылып (негізгі мамандығы бойынша), алайда оның қорытындысы бойынша Гай жұмысқа қабылданбаған көрінеді. Әйтсе де, Гома осы оқиғадан кейін әртүрлі телешоулардың («Джонатан Росспен бірге жұманың кеші», «Prince’s Trust», Channel 4, CNN, BBC World News т.б) жұлдызына айналып шыға келді.

Назарларыңызға интервьюдің стенограммасын ұсынамыз:

Жүргізуші: Бұл «үкімнің» интернеттегі музыка мен бизнеске қандай әсері болмақ? Бізбен бірге Newswireless.net технологиялық веб-сайтының редакторы Гай Кьюни. Қайырлы таң!

Гай Гома: Қайырлы таң!

Жүргізуші: Бүгінгі шешімге таң қалған шығарсыз?

Гай Гома: Бәрінен бұрын, мен бұл шешімнің өзіммен байланысты болғанына таң қалдым. Себебі мен басқа нәрсені күткен едім... Бірақ мен шақырғасын келдім, әңгімелесу болады деп хабарлады. Сондықтан, иә, бұл мен үшін күтпеген жағдай болғаны рас.

Жүргізуші: Күтпеген жағдай?

Гай Гома: Дәл солай.

Жүргізуші: Иә, иә... Ал енді оның бағалары жөнінде тоқталсақ... Қалай ойлайсыз, енді адамдардың көпшілігі музыканы интернеттен көбірек жүктейтін болады ма?

Гай Гома: Қазір қайда барсаңыз да, интернеттен, веб-сайттардан көптеген мәліметтерді жүктеп алып жатқан адамдарды жиі кездестіресіз. Меніңше, бұл тек жақсы нышан сияқты. Технологияның дамуы үшін де, адамдар көкжиегінің кеңеюі үшін де интернеттің алар орны зор. Сондықтан аталған құбылыс тек жақсылаққа деп болжаймын.

Жүргізуші: Дұрыс айтасыз, музыка индустриясы да дәл осындай жолмен дамып келе жатыр. Адамдар тек веб-сайттарға кіреді де, қалаған музыкасын жазып ала алады...

Гай Гома: Дәл солай. Айтқан сөзіме толық көзіңізді жеткізу үшін кез-келген интернет-кафеге кірсеңіз болды. Барлығы мен айтқандай жағдай екенін аңғарасыз. Мұның барлығы интернеттің қарыштап дамуының нәтижесі.

Жүргізуші: Үлкен рақмет.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: BBC кадры

Б. Қосмағамбет