Парадокстарды экологиядан да, геометриядан да, тіпті химия мен логикадан да табуға болады. Бірақ кейбір парадокстардың шешімі оңай болып көрінгенімен, оларды шешу қиынның қиыны. Сонымен, адамның ақыл-ойы жетпейтін замана жұмбақтарына кезек берейік.
1. Осы шақ парадоксы
Қандай да бір заттың пайда болған уақыты болуы керек деп ойлаймыз. Мәселен қандай да бір заттың ұзындығы, кеңдігі, биіктігі болуы керек, сол сияқты оның пайда болған уақыты да болуы керек. Енді өзіңіз ойлап көріңізші, өткен шақ, осы шақ және келер шақ деп қарастырамыз да, осы шақтың қанша уақытқа созылатынын білмейміз. Осы шақ негізінен жоқ. Себебі ол уақытпен байланысты емес. Сіздің «осы шақ» дегеніңіз сол айтылған соң, тіпті айтылып жатқанында-ақ өткен шақ болып кеткен. Түсіндіңіз бе?
2. Моравек парадоксы
Адам баласы шешімі қиын мәселелерді көп уақыт бойы ойластырып отырып шешеді. Ал жүре алу қасиетін қарапайым іс көреді. Ал енді компьютерлер ше? Олар адам миы жетпейтін есептерді шешеді, логикалық сұрақтарға лезде жауап береді. Ал адамның қарапайым деп ойлайтын сөйлеу немесе жүру қасиетін компьютерге бағдарлап жасау қиынның қиыны. Бұл жасанды және шынайы интеллектінің белгілерін Моравек парадоксы деп атайды.
Ханс Моравек Карнеги-Меллон университетінің ғылыми қызметкері. Оның айтуынша, адам баласы бейсаналы түрде жасайтын істерді қалай жасайтынына түсінік бере алмайды. Сондықтан да өзі түсінбеген нәрсені адам роботтарға бағдарлай алмайды дейді.
3. Жіппен өрмелеп келе жатқан сайтан-құмырсқа
Көз алдыңызға резеңкеден жасалған жіпті, ал оның үстінде секундына бір сантиметр жылдамдықпен жүріп келе жатқан құмырсқаны елестетіңіз. Сосын әр секунд сайын резеңкеден жасалған жіптің тоқтаусыз бір шақырымға созылып жатқанын ойға алыңыз. Қалай ойлайсыз, құмырсқа жіп соңына дейін жете ала ма?
Логикамыз бойынша, құмырсқа жіп соңына дейін жете алмайтындай болып көрінеді. Себебі оның жылдамдығы созылып жатқан жіптің жылдамдығынан төмен. Бірақ құмырсқа сонда да жіп соңына жете алады екен.
Құмырсқа өрмелемей тұрып, оның алдында 100% жіп жатқан болатын. Бір секунд өткен соң жіп созыла түсті, десе де құмырсқа да кішігірім жол жүрді. Енді осыдан процент бойынша есептесек, құмырсқаның кішкене қашықтыққа болса да жүргені себепті 100%-дан аз қалды деген сөз. Жіп тоқтаусыз созыла беретін болса, құмырсқа жүріп өткен бір сантиметр жол да созыла бермек. Жіп секунд сайын ұзарып жатса да құмырсқаның жүріп өтер жолы қысқара береді. Құмырсқа да тоқтаусыз жүріп отырады. Сондықтан да, логика бойынша, оның жүріп өткен жолы ұзара береді де, жүріп өтетін жолы қысқара береді (пайыз бойынша, әрине).
Мұнда есеп шешілуі үшін бір ғана талап қойылады: құмырсқа жолды жүріп өтуі үшін өлмейтін болуы керек. Сонымен, құмырсқамыз өз жолын 2,8×1043.429 секундта жүріп өтеді екен.
4. Экологиялық теңдік парадоксы
Ойланып көріңіз, қояндар мекендейтін орманда олардың негізгі асы болып саналатын шөп бұрынғысынан бетер көп шыға бастайды. Осы себепті қояндар жыл сайын көбейе түседі деп ойлауымыз мүмкін. Ал экологиялық теңдік парадоксы бұлай емес дейді: бастапқы кезде қояндар шын мәнінде де көбейеді. Сосын оларды аулайтын түлкілер де осы сияқты көбейе түседі. Осылай бір-бірін жемтік ететін аңдар жалғаса береді де, соңында шөп жетіспей, қояндар, одан кейін қоян жетіспей түлкілер өліп қалады.
Ал тәжірибеде мұндай парадокс көп емес. Себебі жануарлардың бәрі де орманда өмір сүрмейді.
5. Мпемба парадоксы
Көз алдыңызда су толтыра құйылған екі шынаяқ. Сол жақта тұрған ыдыстағы судың температурасы оң жақта тұрған судың температурасына қарағанда жоғары. Егер оларды тоңазытқышқа қойсаңыз қай шыныаяқта тұрған су бірінші болып мұзға айналады? Оң жақтағы шыныаяқтағы су бірінші мұзға айналады деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ сол жақта тұрған жоғары температуралы су тезірек мұзға айналады екен. Бұл эффекттің атауы Танзанияның бір студентінің құрметіне беріліпті. 1986 жылы студент тоңазытқышқа сүт салып, оны балмұздақ қылғысы келген кезде осы эффектіні байқапты. Тарихтағы Аристотель, Фрэнсис Бэкон, Рене Декарт сияқты данагөйлер бұл құбылысты атап өтсе де, оны қалай түсіндірерін білмеген екен. Мәселен, Аристотель бұған қатысты мынадай қорытынды жасаған: қандай да бір зат оған кері әсер ететін жағдайда күшейеді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: j-times.ru, publy.ru, 999hdwallpaper.com