- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Барлығы допинг туралы...
Барлығы допинг туралы
Допинг соңғы уақытта даулы мәселелердің өзегі болып жүргені жасырын емес. Дегенмен, адамды кенеттен «суперменге» айналдыратын сиқырлы дәрінің құрамын, қолданысын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бүгін біз допинг туралы тың ақпараттармен бөлісеміз:
Допинг деген не?
Допинг — спорттағы нәтижені өсіруге көмектесетін және Бүкіләлемдік антидопингті агенттігінің (WADA) тізіміне енген арнайы препарат. Оны қолдану түрлі жанама әсерлер беріп қана қоймай, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Допингті қолдануға қашан және не себепті тыйым салды?
Қосымша қуат көзі (допинг секілді препараттар) Ежелгі Грецияда да қолданылған – спортшылар ол кезде күштерін арттыру үшін шикі саңырауқұлақ шырынын ішкен. XIX ғасырдың аяғында, Олимпиада ойындары қайта жаңғырған шақта, қатысушылар өздерін тәжірибенің құлына айналдырды: олар өздерінің бар мүмкіндігін пайдалану үшін әр түрлі заттар қолдана бастады, тіпті, арасында стрихнин секілді улы заттар да болды. Допингтің кесірінен болған алғашқы қайғылы оқиға 1886 жылы тіркелді. Допингті шектен тыс қолдану әлемдік рекорд орнатқан, велосипедші Артур Линтонның өмірін құрдымға кетірді.
Допингтің бүгінгі заманы өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталады. Сол жылдары неміс ғалымдары инъекциялық тестостеронды ойлап табады. Алғашында әскери адамдардың бойындағы агрессияны оятып, күшін арттыруға қолданса, кейін оны спортшылар қолдана бастады. Допингтің айналасында туған басты мәселелер Екінші Дүниежүзілік соғыстан соң байқала бастады. 60-жылдары бірнеше велосипедші қаза тауып, олардың қанынан қатты әсер ететін препараттың белгілер табылған. Осыдан соң, допингпен күрес басталды. Алғашқы жылдары тексеріс сәтсіз аяқталды: 1968 жылы Мехикода өткен Олимпиадада тек бір ғана жағдай анықталған.
1980 жылдары тексеріс күшейіп, бірнеше ірі жанжалдың туындауына әкелді. 1999 жылы Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі (WADA) құрылды. Олардың қызметіне тыйым салынған дәрі-дәрмектердің тізімін жасау, допинг-тестті бақылау, тек жарыс уақытында емес, дайындық кезінде де спортшының қанындағы допингті тексеру кірді. Алғашқы рет анықталған жағдайда екі жыл спорттан шеттетсе, екінші рет тұтылған жағдайда өмір бақи спорттан кетеді. Жыл сайын допинг қолданушылардың саны артып келеді, ал, спортшылар заңды түрде қабылдаған дәрілердің құрамын дұрыстап тексеруге мәжбүр. Өйткені, кей дәрілердің құрамында допингтің аздаған мөлшері кездеседі. Кейде, тамақтың құрамынан да табылады.
Допингтің қандай түрлері бар? Олар қайда қолданылады, пайдасы мен зияны қандай?
Ынталандырғыш: Жұмысқа қабілеттілігін күшейтеді. Қан қысымын арттырып, жүрек соғысын жеделдетеді. Жылудың реттелуін бұзады. Жиі қолдану тәуелділікке алып келеді немесе психикада ауытқушылық пайда болады.
Анальгетик: Олардың ішінде морфин және оның химиялық анолгтарын қолдануға тыйым салынған. Олар орталық жүйке жүйесіне әсер етеді, адам ауыруын сезбейді. Нәтижесінде спортшы өзінің алған жарақатының қаншалықты ауыр екенін түсінбейді. Морфинді қолданған адамдар оған тез тәуелді болады.
Бета-блокатор: Жүрек соғысын әлсіретіп, адамның жанын рахатқа бөлейді. Тыныштандырады. Адам оны қабылдағаннан соң, шаршағанын сезбейді.
Диуретик: Несеп айдатқы дәрі-дәрмекті спортшылар салмақ категорясына сай келу мақсатында тез арықтау үшін қолданады. Қан қысымын төмендетіп, жүрек жұмысын бұзады.
Эритропоэтин: Пептидті гормон, көп жанжалдың себепшісі болған бұл дәрі бұлшық етке оттегі тасымалын жылдамдату арқылы шыдамдылықты арттырады. Қан қысымын көтеріп, қанды ұйытпайды. Жүрек-қан тамырларының жұмысын бұзып, бірнеше аурудың себепшісі болады.
Өсу гормоны: Пептидті гормон. Бұлшық етті өсіріп, майлы қабатты азайтады, иммунитетті күшейтеді. Жиі қолдану сүйектің өсуін жылдамдатады. Салдары түрлі ауруға әкелетін қандағы глюкоза мөлшерін арттырады.
Инсулин: Күшті керек ететін спорт түрлерінде қолданады. Оны қолданудағы негізгі мақсаты – адамның бұлшық еттерінің өсуін жеделдету, ақуыздың ыдырауын уақытша тоқтату. Ал, зардабы – қандағы глюкозаның шеткен тыс азаюынан туатын гипогликемиялық кома. Яғни, адам есінен танып қалады.
Анаболикалық стероидтар: Жиі қолданатын дәрі-дәрмек тобына жатады. Ол ер адам гормоны тестостеронның бөлінуін жылдамдытап, мөлшерін арттырады. Әсіресе, күшті талап ететін спорт түрлерінде қолданады. Жағымды жағы – бір айда бұлшық ет массасын 5-10 килограммға дейін өсіруге мүмкіндік береді, күш көрсеткіші дамиды, шыдамды бола түседі, сүйек ұлпалары қатаяды, май қабаты азаяды. Ал, жағымсыз жағы әр түрлі әрі қауіпті болуы мүмкін.
Барлық дәрі-дәрмек тәуелділік туғызу мүмкіндігіне ие. Одан бөлек «стероидты ашу», яғни, шектен тыс қозу үрдісі жүреді де, адам төбелесуге, тіпті адам өлтіруге дейін барады. Гормонның бөлінуі бұзылатындықтан денеде безеулер пайда болады, ағза сұйықтықты қажетті мөлшерде бөлмейтін болады. Дәрі-дәрмектердің кейбіреуі бауыр жұмысын бұзады, кейбіреуі гинекомастияға әкеледі, яғни ер адамда әйел адамның омырауына тән белгілер пайда бола бастайды. Ал, әйелдердің дамуы ер адамның даму үрдісіне ұқсайды: дауыстары жуандап, бет пен дене пішіні өзгереді. Бет пен денеде түк өседі.
Бұл болжам ғана. Оның зиянын дәлелдейтін шынайы мысал бар ма?
Ядроны лақтыру бойынша спорт жарыстарына қатысқан ГДР спортшысы Хайди Кригер бірнеше жыл бойына гормональды дәрі-дәрмектерді, анаболикалық стероидтарды үздіксіз қолданған. Оны бойындағы әйелге тән жыныс белгілер жоғалып, ер адамның гормоны көбірек бөлінген. Нәтижесінде жынысын ауыстыруға тура келген. Бүгінде оның есімі – Андреас.
Допингті қайдан алуға болады?
Жоғарыда көрсетілген дәрі-дәрмектің барлығын дәріханалардан табуға болады. Бірақ, арнайы рецептсіз олар сатылмайды. Сондықтан, кейбір адамдар оны заңсыз түрде сатып алады.
Допинг спортшының жауы ма әлде досы ма?
Өмірбек Сансызбаев, спорт тілшісі:
Допинг – спорт пен спортшының хас жауы. Бұлай деуге негіз бар. Алдымен допинг пайдаланған спортшы өзінің болашағына балта шабады. Тіпті допинг қолданғанға дейінгі жеткен жетістігі мен жасаған еңбегі зая кетеді. Одан қала берді командасының, айналасындағы әріптестері мен болашақ жастардың да жолын бөгейді. Бұған ауыр атлетикадан ұлттық құрамамызға кесілген жазаны мысал ретінде келтіруге болады.
Допингке қатысты дау көп. Оның барлығын бір пікірге сыйдыру мүмкін емес. Кейде спортшы емес, жаттықтырушылары кінәлі болып жататын оқиғалар да бар. Кейде әділетсіздік пен қастандық болуы да мүмкін. Сондықтан біреуді ақтап, біреуді даттау қиын.
Біржан Смағұл, джиу-джитсу шебері:
Допинг – спорт әлемінің даулы мәселесі. Бразиялық джиу-джитсу спортында да жетістікке жету үшін заңсыз препарат қолданатындардың қатары бар. Меніңше, мұндайға спортта жол бермеу керек. Өйткені, шынымен, тер төгіп, үздіксіз дайындалған спортшылар бар.
Допинг спортшыға белгілі бір уақыт аралығында ғана «дос» бола алады. Әрине, бастапқыда көмектеседі. Бірақ, оның зардабы бірнеше жылдан соң ғана байқалады. Сондықтан, спорт әлемінде жүрген достарыма, әріптестеріме бұл «уақытша жеңістен» аулақ болуын тілеймін.
Бекет Айсұлтан, спорт тілшісі:
Спортта допинг пайда болғалы бері спортшылардың басына қара бұлт үйірілді. Олай деуге себеп көп. Көптеген Олимпиада және Әлем чемпиондары мен жүлдегерлері өздерінің алтын, күміс, қола медальдарынан айырылып жатыр. Мысалы, ямайкалық желаяқ Усейн Болт сынды талантты спортшылар допинг құрбаны болды. Алысқа бармай-ақ қояйық. Өзіміздің екі дүркін Олимпиада чемпионы, Илья Ильин, грек-рим күресінен Бейжіңдегі қола медалін қайтарған Әсет Мәмбетов осы дауға ілінген жоқ па?! Допинг спорттағы саясат деп ойлаймын. Себебі, спортта жүрген қаншама спортшының аяғынан шалды.
Спорт әлемінің, жарыс алаңының әділетсіздік пен лайға былғанғанын қаламасақ, допингпен күресуіміз дұрыс. Өйткені, спортта тек жеңіс маңызды дейтіндер, өмірде жеңіліс табады. Солай емес пе?