Біріккен Араб Әмірлігі үкіметінің үлкен қаржы қоры бар екені белгілі. Сонымен қатар, елдің миллиардерлері де аз емес. Біріккен Араб Әмірлігінің ғарыш агенттігі хабарлаған жаңа Марс миссиясы күллі әлемді таң-тамаша етті. Себебі осыған дейін мұндай жобаларды тек Ресей, АҚШ, Еуропа және Үндістан ғалымдары жасап келген.
Арабтардың ғарыш агенттігі Hope (ағылшын тілінен аударғанда «Үміт») атауына ие ғарыш зондын 2020 жылдың шілде айында Марсқа ұшырмақ. Бұл ғарыштық миссия БАӘ-нің Парсы шығанағы елдері арасындағы беделін арттыратын болады. Сонымен қатар, Марс жобасы сүбелі нәтиже көрсетсе, БАӘ ғарыш технологиясындағы жаһандық сектордың де құрметті мүшесі атанады.
Жоспар бойынша, Hope аппаратының салмағы 1500 кг болып, қызыл ғаламшарда 4 жыл зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Алып зонд Марстағы өмірі барысында бізге қолайлы атмосфераны іздеумен айналысады. Сонымен қатар, фотодиссоциация әдісінің көмегімен Марста бұрын болған судың құрылымын зерттемек. Одан бөлек, атмосфера қабаттарының өзгеруі бақыланады. Осылай ғалымдар алғаш рет Марс атмосферасының оның топографиясына әсерін қарастыратын болады.
Ұқсас жазбалар:
Марс ғаламшары туралы қызықты деректер
Марс бетінен Эверестен де биік шың табылды (фото)