Аяғымда басы қайқы қос сырық

Қар – кең таралған табиғи құбылыстардың бірі. Әсіресе, Солтүстік жартышар мен Антарктида жерінде асқан мөлшерде кездесетін қарды біздің континентте де бірнеше айға жуық уақыт бойы көруге болады. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған шаңғылардың дүниеге келуіне ең үлкен себепші болған да – дәл осы құбылыс.

Сонау есте жоқ ерте замандарда қыс мезгілінде бір тайпадан екінші тайпаға қатынау, азық-түлік жеткізу аяққа арналған арнайы құралдарсыз мүмкін емес нәрсе еді. Адамзат баласы енді қалың қардың үстімен оп-оңай жүріп өтуге болатын, қорғаныс қызметін жақсы ақтаратын, ормандарды, жазықтарды, заңғар тауларды қыс мезігілінде де аралап аң аулауға мүмкіндік беретін құралдарды іздестіре бастады да, нәтижесінде шаңғы дүниеге келді.

Шаңғының пайда болу мерзімі, мекені, тіпті авторы әлі күнге дейін анықталмаған. Ғалымдар Норвегия тауларында осыдан 7000 жыл бұрын салынған шаңғы суреттерін тапқан болатын. Қалай болғанда да, бәрі де адам екі аяғына ерекше пішіндегі екі ағашты байлап қойса, қарлы аймақтарды оп-оңай өткеруге болатындағын байқаған сәттен басталды. 

XVI ғасырларда шаңғылар скандинавиялық мемлекеттерде әскер адамдары арасында кеңінен таралды.

Шаңғы туралы ең алғашқы жазба деректер атақты көне грек тарихшысы Ксенофонттың еңбектерінде көрінеді. Ол өзінің б.з.д. 401 жылдары Кіші Азияға жасаған сапарында армияндықтардың Кавказ тауларындағы қарлы қыраттарда жүру үшін аяқтарына дөңгелек ағаш тақтайшаларды байлап жүргендігін көргенін жазады. Одан кейінгі сырғанақ шаңғылар туралы деректер Жорданес (б.з. VI-VII), тарихшы Иордан (б.з. VI), Авел Диакон (770 ж.ж) жазбаларында байқалады.

Бірнеше ғасыр бойында бұл құралдар бірнеше рет өзгеріске түсті. Бастапқылары өте қысқа әрі шағын болса, кейіннен жылдамдықты арттыру үшін бірте-бірте ұзартылып, бүгінгі қалпына түсті. Ал олардың таяқтарының тарихы тіптен қызық: ХІХ ғасырларға дейін адамдар бір ғана таяқ пайдаланған, олар ағаштан немесе бамбуктан (қазір алюминий секілді түрлі жеңіл материалдардан жасалады) ұзындықтары адам бойымен бірдей  болған деседі.

Танымал зерттеуші, саяхатшы Фритьофа Нансенның шаңғы тарихында алар орны ерекше. Оның 1890 жылы жарық көрген "На лыжах через Гренландию" еңбегінен кейін шаңғыны тұрмыстық құрал ретінде емес, спорт түрі ретінде қабылдайтын адамдардың қатары көбейе түсті. ХІХ ғасырдың соңында Еуропада, Америкада шаңғы спортын сүюшілердің түрлі қауымдастықтары мен клубтары ашыла түсті.

Қазақстанда "Шаңғы тебушілер күні" - 29 желтоқсанда атап өтіледі.

Сан мың ғасырлық тарихы бар шаңғылар бүгінде қысқы Олимпиадалық ойындардың құрамына еніп қана қоймай, денсаулық кепіліне және көпшілігіміздің сүйікті ермегімізге айналып отыр.

Суреттер:xroniki-nauki.ru,1spo.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева