Платина – асыл металлдар тобына жататын, Менделеев кестесінің 78-нөмірлі элементі. Бұл бағалы металлмен адамзат баласы 4 000 жылдан бері таныс. Дегенмен, бастапқыда өзінің баяу балқығыштық қасиетіне байланысты еленбеген. Ал бүгінгі таңда, платина алтыннан да қымбат металл. Оның сыры неде? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін жазбамызға назар аударыңыздар.
«Platina» атауы plata – испан тілінен аударғанда, «кішкентай күміс» деген мағынаны білдіреді, оны ең алғаш байқаған испандықтар платинаның өң-түсін күміске ұқсатса керек.
Платинаға алғаш рет италиялық ойшыл Скалигер өз еңбегінде «Гондурас жеріндегі ерітілмейтін, балқытылмайтын металл» деп анықтама берген екен. Еуропа жылнамашыларының дерегі бойынша, платинаны Еуропаға 1820 жылы Оңтүстік Американың испандық кен орындарынан әкелген екен. Алайда, еуропалықтар бұл металлды пайдалана да, балқыта да алмаған.
Оны күміс пен алтынның қатарынан шеттетіп, табылған, шет елден әкелінген платиналарды испан патшасының бұйрығы бойынша Колумбиядағы өзен түбіне тастап жіберген. Осыдан кейін платина төгілген өзен Платино-дель-Пинто деп аталған екен. Оны суға тастауының себебі, ешнәрсеге де жарамайтын металлдың пайдасы аз және алтыннан ауыр металл жоқ деген ұғым кеңінен тараса керек. Дегенмен, Франция платинаны пайдаға асыра алды: 1799 жылы бұл металлдан метр эталонын, кейін километр эталонын жасаған. XIX ғасырдың бас шенінде платинаның ұсақ бөлшектері Орал тауының бөктерінен табылған екен. Оның қандай металл екенін білмегендіктен, «ақ алтын» деп те атаған. Орыс ғалымдары В. В. Любарский және В. И. Соболевский платинаның ұнтақтарын металлургия жаңалығы деп таныды.
XIX ғасырдың ортасында платинадан тиындар жасап, шектеулі таралыммен шығарған. Бұл тиындар 3, 6, және 12 рубль құнымен өлшенген. 12 рубльдің салмағы – 41,41 грамм, ал таза күмістен жасалған тиынның салмағы – 18 грамм. Бұдан шығатын қорытынды: «Ақ алтынның» құны күміс металлға қарағанда 5,2 есе қымбат болған.
Қазіргі таңда платина Оңтүстік Африка Республикасында, АҚШ-та, Ресейде, Зимбабведе, Қытайда көптеп кездеседі. Еліміздің Бетпақдала, Солтүстік Балқаш, Солтүстік Ұлытау, Кемпірсай (Ақтөбе облысы), Шар (Шығыс Қазақстан облысы) жерлерінен аз мөлшерде табылған.
Бір қызығы, бүгінгі таңда платина кемшілігінің «қызығын көріп» отыр. Яғни, алғаш платинаны тауып алған кезде, оның ерігіштік температурасы аса жоғары (1773,5°С) және химиялық құрамы өте берік болғандықтан, аса еленбеп еді. Қазір осы қасиетімен құнды. Негізінен, бұл металлды, көбінесе, химиялық лабораторияға керекті құрал-жабдықтарды жасауда және түрлі реакцияда катализатор ретінде пайдаланады. Және автокөліктердің қозғалтқышын, стоматологиялық құрылғыларды, лазерлі техникаға арналған айналарды, медальдарды, тиындарды жасауда қолданады.
Платина мен оның қоспасы зергерлік бұйымдарды жасауда кеңінен қолданылады. Жыл сайын зергерлік бұйымдарды жасау үшін 50 тоннаға жуық платина керек. 2001 жылға дейін платинадан жасалған әшекейлердің тең жартысы Жапонияда жасалған, ал 2001 жылдан кейін Қытай елі әлемдік сауда нарығында платина бұйымдарымен көзге түсті. Қытайда қазіргі таңда жыл сайын жалпы салмағы 25 тоннаны құрайтын, 10 миллион платинадан жасалған зергерлік бұйымдар сатылады екен.
Сурет: auction-imperia.ru, i2.wp.com, bizmology.hoovers.com, forexaw.com