Бұл әйелдің есімі Джулия Пастрана. 1834 жылы туылған. Тумысынан гендік науқасқа шалдығып, өне бойын түк қаптап кеткен. Шығыңқы иегі көріксіз қалпын тіпті де айқындай түседі екен. Осы себепті оны көргендер «Түкті қыз» немесе «Әйел кейпіндегі албасты» деп атайтын болған.
1850 жылы Теодор Лент есімді Америка азаматымен танысып, той жасайды. Күйеуі оның бұл көріксіз келбетін пайдалануға болатынын айтып, өзімен бірге ертіп «Албасты» рөлін сомдап, ойын қойғызады. Ол ән айтып, би де билей алатын.
10 жылдан соң 1860 жылы Джулия Пастрана Мексикада қайтыс болады. Оның тірі туылған баласы да анасы секілді өне бойын түк қаптаған еді. Бірақ, бірнеше күннен кейін нәресте де шетінеп кетеді. Оның күйеуі әйелінің денесіне шіруден сақтайтын дәрі сеуіп, өлі денені өзімен бірге алып жүріп, әлемнің жер-жерінде көрме ұйымдастырады. Соңында Норвегия еліне келіп тоқтайды.
Тірлігіндегі көрген кемсітуі аз болмаған бұл өлі дененің хикаясы мұнымен аяқтала қоймайды. 1976 жылы Джулия Пастрананың сүйегін біреулер ұрлап кетеді. Сонымен тағы да «Көріксіз дененің көрмесі» әр елге сапар шегеді. Арада біраз жыл өткен соң ғана ұрылар жағынан тастанды болған сүйек табылып, бір университеттің тәжірибеханасына сақталады.
Мексикалық өнертанушы Лаура Андерсон Барбю 2005 жылдан бастап Джулия Пастрананың сүйегін еліне қайтарып, жерлеу салтын өткізу керек екендігі жөнінде наразылық қимылын ұйымдастырады. Бұл қозғалыс үкіметтен қолдауға ие болды. Әйел денесі 150 жылдан соң ғана туған жері Мексикаға әкелініп, қара жердің қойнына тапсырылды.
12 ақпан күні жергілікті халық Sina loa штатындағы қабырстанда жиналып, Джулия Пастрананы жерлеу салтына қатысты. Оның сүйегі ақ түсті табытқа салынып, айналасына ақ түсті роза гүлі қойылған.
Штат бастығы жерлеу салтында: «Өздеріңіз ойлап көріңіздер, Джулия Пастрана тірі кезінде де жаратылысындағы кемістігі үшін адам төзгісіз қорлыққа, үрейлі де мүсіркеулі көзқарастарға жолықты. Ал оның бүкіл ғұмыры болса, өз өнері арқылы атақ-абыройын, беделін сақтау жолындағы күреспен өтті. Ол өлген соң да тыныш жатқан жоқ. Өлі дене бір жарым ғасыр бойы кемсіту мен қорлыққа жолығыпты. Біз оған шексіз құрмет етуіміз керек» деді.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет:abcnews.go.com