Күнделік жазатындар біздің де арамызда жоқ емес. Бірі күнделікті өмірлік сырласы ретінде санаса, енді бірі күнделік жазуды қаламайды. Біріміз ой-қаламмен күнделік беттерін күн сайын түртсек те, біріміз күнделік жазуға деген әуестігіміздің жоқ екендігін алға тартамыз. Ал сіз өмірін күнделікке арнап, күнделікпен күн кешетін жандардың көптігінен хабардарсыз ба? Солардың бірі – әлемдегі ең көлемді күнделік жазбаның авторы. «Ол кім?» дейсіз бе? Гиннестің рекордтар кітабынан ойып тұрып орын алған автор – Роберт Шилдс. 1918-2007 жылдар аралығында өмір сүрген ол күнделік жазуды өз өмірінің бір бөлшегі ретінде санаған. Ол Вашингтон штатындағы Дейтон қаласында ағылшын тілінің мұғалімі болған. Өзінің өнегелі күнделігінің арқасында танымалдылыққа ие болған. Оның атақты күнделігінде 37,5 миллион сөз жазылған екен. Күнделікте Роберт Шилдстің 1972 жылдан 1997 жылға дейінгі өмірі мен көрген-білгені баяндалған. 2007 жылы дүниеден қайтқан ол өмірінің соңына дейін күнделігін тоқтатпай жазар ма еді?.. 1997 жылы инсульт кесірінен мүгедек болып қалмағанда...
Күнделігін қолынан бір сәтке де тастамаған ол күніне төрт сағат бойы үйінің артында күнделігімен ой бөлісіп отыратын көрінеді. Тіпті түсінде көргенін де барынша көркем әрі қызықты қылып жазу үшін ол түнде тек екі-ақ сағат көз шырымын алады екен.
Бүгінгі таңда, Роберт Шилдс дүниеден өткен соң 94 қорапқа салынған оның күнделіктері Вашингтон университетінің жертөлесінде сақтаулы. «Олардың ішінде ең жақсылары – тек бесеуі ғана», - деп айтқан екен ол көзі тірісінде. Бірақ бұл күнделік жазбаларды оқуға автордың өлімінен соң тек елу жылдан кейін ғана рұқсат беріледі. Демек бұл ғажайып күнделіктің басқа да оқырманның қолына жетуіне әлі қырық бес жыл бар. Сонда да рұқсат етілмеген жазбаны жасырып жарыққа шығарғандар жоқ емес.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: liveinternet.ru