- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Әлемдегі алғашқы ұялы...
Әлемдегі алғашқы ұялы телефон - Motorola DynaTAC 8000X
Ұялы телефонның арқасында: "Алло, сәлем, қалың қалай?" - деген сөздерді күнделікті пайдаланатын болдық. Баршамыздың өмірімізді жеңілдеткен ұялы телефондардың тарихын көбіміз біле бермейміз. Сонымен, алғашқы ұялы телефонның пайда болу тарихымен таныс болыңыздар.
Ұялы байланыс құралының көмегімен жүзеге асқан алғашқы телефондық сөйлесу 1973 жылы 3 сәуір күні Motorola компаниясының қызметкері, құрылғыны ойлап тапқан Мартин Купер мен BeLL Laboratories компаниясының зерттеу бөлім бастығы Джоэл Энгел арасында болды.
Қазіргі заманауи ұялы телефондардың пайда болуына автокөліктің ішіне орнатылған радиотелефон түрткі болды. Құрылғылардың өлшемі мен салмағы тым үлкен болған. Осындай бір байланыс құралының салмағы шамамен 15 келі еді. Құрылғының ауырлығына қарамастан, оларға деген сұраныс күннен-күнге өсіп отырған. Motorola компаниясының инженері әрі өнертапқышы Мартин Купер бұл құрылғының салмағы мен өлшемін төмендету идеясын алға тартып, адам баласының телефонды өзімен бірге алып жүру идеясын жүзеге асыра бастады. Қазіргі заманауи телефон прототипінің пайда болуы тек Купердің қажырлы еңбегінің арқасы емес. Motorola компаниясының басқа да инженерлері құрылғыны жетілдірумен айналысып, біраз тер төккен. Компанияның ұстанған бағыты мен өндірістің дұрыс жоспарлануы Motorola компаниясының бәсекелестерінен озып шығуына мүмкіндік берді. Купердің идеясын жүзеге асыру үшін 15 жыл мен 90 миллион доллар қаражат кетті.
Сол күн тарихта қалары анық. 1973 жылдың 3 сәуірінде BeLL Laboratories компаниясы зерттеу бөлімінің бастығы Джоэл Энгелдың жұмыс кабинетіне біреу қоңырау шалды. Телефон тұтқасын көтерген Джоэл бәсекелесі Мартиннің дауысын естіді. Мартин Джоэлге былай деген екен:"Қайдан қоңырау шалып тұрғанымды білесің бе? Мен ұялы телефоннан хабарласып тұрмын". Кейін Купер бұл оқиға туралы былай депті: "Оның не деп жауап бергені есімде жоқ, бірақ тістерінің сықырлағанын естігендей болдым". Кейін Энгел мен BeLL Laboratories компаниясы да байланыс саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Әлемдегі алғашқы ұялы телефонның салмағы 1,15 келі болса, өлшемдері 22,5х12,5х3,75 см-ге тең еді. Жарықдиодты дисплей теріп жатқан телефон нөмірін көрсету функциясын атқарды. Аккумулятордың сыйымдылығы жарты сағат сөйлесуге жетсе, зарядтау процесі 10 сағатты талап ететін. 1983 жылға дейін осындай байланыс құралының 5 данасы шығарылса, кейін осы үлгінің жетілдірілген нұсқасы шықты. Жаңа салмағы 850 грамм болған телефон 3995 долларға бағаланған еді. Бір жылдың ішінде осындай құралдардың 12 мың данасы сатылған.