Адамзат баласы бағзы замандардан бері ақпараттар ауқымын, заттарды, оқиғаларды оңайырақ қабылдау және есте сақтау үшін оларды белгілі бір таңбамен байланыстырып келген. Әрбір елеулі оқиғаның, әрбір ірі ұйымдардың, әрбір саланың өзіне тән логотипі, өзіне тән танымбелгісі бар. Мәселен медицина саласы дегенде, көз алдыңызға тостағанға оралған жылан бейнесі келері сөзсіз. Олай болса, бүгін біз сіздермен күллі әлем танитын ең әйгілі нышандар туралы сөз қозғайтын боламыз. Оларды сіздің де жазбай танитыныңызға күмәніміз жоқ, дегенмен, бұл таңбалардың қашан, қалай, қайдан шыққандығын біле жүргеніңіз абзал.
Жүрекше
Деректерге сүйенсек, таңба ежелгі Рим жерінде пайда болған және римдік ақсүйектер жүрекшелерді өз сүйгендеріне жіберіп отырған көрінеді. Уақыт өте келе, жүрек – Әулие Валентин мерекесінің негізгі рәмізіне айналып кетті. Сондай-ақ, аталған таңба компьютер ойындарында - өмірдің нышаны ретінде танылған. Тарихы қандай болмасын, қазіргі таңда жүрекше – ең көп қолданысқа ие әрі ең танымал белгі саналады. Өйткені, ол – Жер бетіндегі ең күшті, ең таза, ең қасиетті махаббат атты сезімнің нышаны!
"Жайдарлы" Роджер
Қара түсті фонға орналастырылған айқасқан жілік сүйектері және жоғары жағында бас сүйек салынған сурет. Қайдан көргеніңіз есіңізге түсті ме? Әрине! Осы бір теңіз қарақшысының жалауын кім білмейді дейсіз? Сонау ХVII-XVIII ғасырларда осындай жалаулар қарапайым теңізшілердің үрейін туғызу мақсатында теңіз қарақшыларының кемелеріне ілінетін болған. Кейіннен бұл таңба жоғары қуатты тоқтың, удың, бір сөзбен айтқанда, қауіптің нышанына айналып кетті. Ал өздерінің «жайдары» туларын көтеріп жүретін теңіз қарақшылары – бүгінде ең танымал мультфильмдер мен, сүйікті кітаптарымыздың, фильмдеріміздің қаһармандары болып табылады.
Айқұлақ
Бұл таңба - өркениеттің дамуынан тыс қалған мекендерде ғана танымал емес, әйтпесе, айқұлақтың не екенін сіз де білесіз, біз де білеміз. О баста айқұлақ баспахана нышаны ретінде танылса, Еуропа елдерінде (Испания, Португалия, Франция) салмақ өлшемін білдіретін болған. Бірақ, аталған таңбаның қазіргі мағынасы – элекрондық поштаны қолданушының аты мен доменді айырып тұратын белгі. Айқұлақ – бүкіләлемдік тордың нышанына айналып кетті деп батыл түрде айта аламыз. Еуропада осы таңбаға байланысты «жақын маңда ғаламтор бар» дегенді білдіретін жол белгісі де ойлап табылып үлгеріпті.
Инь-ян
Инь-ян – шығыс халықтарында кеңінен танылған, үйлесімділік нышаны. Ежелгі қытай медицинасы мен филоофиясы бойынша, белсенді Инь және Ян - әлемнің бастауында тұрған мәндер. Инь және Ян қағидалары аспан мен жер, ұрғашы мен еркек арасындағы қатынастармен тығыз байланысты әрі олардың дамуын нұсқайды. Белсенділік көбіне жігерлі Янға тән болады да, сабырлы Инь енжарлық танытып отырады. Демек, таңбаның мағынасы - бірлік пен қарама-қайшылықтар үшін күрес дегенді білдіреді және осы философиялық ойды бүгінде әлем мойындап отыр.
Жалғасы бар...
Суреттер:waking-up.org,sunhome.ru,samogo.net,ru.123rf.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева