Ақ жарық «Нобель» алды

Ақ жарық «Нобель» алды

Нобель сыйлығының алқасы ақ жарық диодтарды жасап шығарған жапон ғалымдарын физика саласы бойынша лайық деп тапты. Қазіргі кезде смартфондардың жарығы ретінде қолданылып жүрген жарық диодты сәулелер кезінде КСРО ғалымдары тарапынан да біршама қарастырылған болатын.

Хироши Амано

 

Жапон физигі Хироши Амано (Hiroshi Amano) Хамамацу қаласында 1960 жылы дүниеге келген.  1983 жылы ол Нагой университетінде бакалавр дәрежесін алып, екі жылдан кейін магистр атанған. Аталған университетте 1989 жылға қарай докторлық диссертациясын да қорғаған. Ал 2010 жылдан бері Нагой университетінің аспирантурасында профессор болып қызмет етіп келеді. 1982 жылы Амано профессор Исаму Акасаки тобына қосылып, жартылай өткізгіш нитридтердің ІІІ тобын зерттеумен айналысады. 

1989 жылы Хироши Амано Нагой университетіндегі әріптестерімен бірге GaN негізнде алғашқы жарық диодтарын таныстырады. 

Амано — 390 техникалық жұмыстар мен 17 кітаптың бірлескен және жеке авторы болып табылады. Хироши Амано 2014 жылы Сюдзи Накамура және Исаму Акасакилермен бірге физика саласы бойынша Нобель сыйлығына лайық деп табылды.

Исаму Акасаки

  Жапон физигі Исаму Акасаки (Isamu Akasaki) Ширан қаласында 1929 жылы дүниеге келген. Акасаки 1952 жылға дейін Киото университетінде білім алған. 1964 жылы Нагой университетінде электроника саласы бойынша докторлық дәрежесін иемденеді. ЖОО-н тәмамдағаннан кейін Kobe Kogyo Corporation ұжымында еңбек етеді.Ал 1959 жылдан бастап Нагой университетінде зерттеу жұмыстарымен айналыса бастайды. Алдымен ғылыми қызметкер, сосын 1964 жылдан доцент болып қызмет етеді.

1981 жылы профессор атағына ие болады. Акасаки 1950 ж.ж. бастап физикадағы жартылай өткізгіштер мен жартылай өткізгіш құрылқыларға қызығушылық танытады. Оның ішінде жарықтың көзі болатын жарық диодтары мен лазерлерге көп зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

1992 жылы Исаму Акасаки зейнетке шағады. Ал 2004 жылы ол Нагой университетінің құрметті профессоры атанады. Сондай-ақ, сол жылы Исаму Жапонияның мәдениет қайраткері болып танылады.

Сюдзи Накамура

  Жапон физигі Сюдзи Накамура (Сюдзи Накамура) 1954 жылы Иката қаласында дүниеге келген.1977 жылы Накамура Токусима университетін тәмамдап, инженер-электроник маманы атанады. Екі жылдан кейін сол университетте магистр дипломын да еншілейді.1979 жылы Токусима қаласындағы "Nichia Chemical Industries" корпорациясында жұмыс істей бастайды. 1990 жылы аталған корпорацияда жұмыс істеп жүріп, көк жарық диодын ойлап табады.

Ол металорганды қосылудың әсерінен пайда болатын галлий нитридінің қабыршағын зертеумен айналысады. 1990 жылдарға дейін жарық диодтарымен айналысатын зерттеу орталықтары тек қызыл, сары және жасыл түсті диодтарды шығара алатын. Дегенмен, тек көк, жасыл және қызыл түсті диодтар қосындысы арқылы ғана ақ жарықты алу мүмкіндігі бар болатын. Сондықтан Накамураның еңбегі жоғары бағаланады.

1994 жылы Токусима университетінде техникалық ғылымдардың докторы атағын алады. 1999 жылы "Nichia Chemical Industries" корпорациясынан жұмыстан шығып, Калифорнияның Санта-Барбара университетінде профессор болып дәріс оқи бастайды. Ол әзірге дейін сол университетте жұмыс істеп келеді.

2001 жылы Накамура өзінің ашқан жаңалығы үшін ешқандай сыйақы берілмегендігінен, "Nichia Chemical Industries" корпорациясын сотқа береді. Бастапқыда 20 мың иен ($180) болған сыйақы сот үкімі бойынша 20 миллиард иенге ($189 миллион) дейін көтеріліп кетеді. Бұл Жапония тарихындағы ең көп арыздық төлемақы ретінде тарихта қалды. 2005 жылға қарай компания тағы да шағымды қайта қарауды өтініп, Накамураны ортақ шешімге шақырады. Нәтижеде Накамура 840 миллионов иен ($9 миллион) алып, өз арызын қайтып алады.

2003 жылдан бері Накамура АҚШ-тың Ұлттық Инженерлер Академиясының мүшесі. Сонымен қатар, ол көк және жасыл жарық диодтарын шығаратын Cree Inc. компаниясының кеңесшісі болып еңбек етеді. 

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.nobeliat.ru

Ж. Өрісбай