Ағылшын тілінде өткен аударма ісінің қыр-сыры

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының «Аударма ісі» мамандығының 1 курс магистранттарына Ұлыбританиядан келген белгілі аудармашы, ақын Лондондағы City & Guilds College Корольдік әдеби Стипендиаты (Royal Literary Fellow) Джон Фарндон 2016 жылдың 4-13 сәуір аралығында дәріс оқыды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дәстүрлі «Фараби оқулары» ІІІ Халықаралық конференциясы аясында өткен бұл дәріс болашақ аудармашылар үшін пайдалы болды.

Джон Фарндон өз дәрісінде магистранттармен ағылшын тілінде сұхбаттасып, аудармашылық жұмыстың қызығы мен қиындығын, әсіресе, көркем мәтінді, поэзияны аудару мәселесі бойынша ой бөлісті. Әл-Фарабидің кейбір туындыларын, сондай-ақ, белгілі жазушы Р. Сейсенбаевтың шығармасын, университет ректоры Ғ. Мұтановтың өлеңдерін аударумен айналысып жүрген Д. Фарндон өз тәжірибесіндегі жолма-жол аударманың рөлі, әлем әдебиетін ағылшын тіліне аударудың маңызын атап өтті.

Ағылшын тілі – баршаға ортақ тіл мәртебесіне көтеріліп, қоғамды ғылым және білім саласында топтастырып, ынтымақтастырып отырған заманда, бізді, дәріске қатысып отырған оқытушыларды  студенттер тарапынан  дәріскерге қойылған сауалдар мазмұны, олардың  ағылшын тілінде айтылған аударманың ортақ мәслелелеріне үн қосуы, отандық шығармалардың шетел тілдеріне аударылуына деген қызығушылығы қуантты.

Аударма ісі – қазіргі уақытта өзекті де жауапты мамандықтардың бірі, заман талабымен үш тұғырлы тіл саясаты бойынша аудармашы мамандар аса қажет болып отыр. Аудармашы мамандығының өзіндік қыр-сыры мол. Шетел тілін меңгерген адам аудармашы болып, қызмет атқарады деп айту өте қиын. Аудармашы – екі мәдениеттің арасында жүрген жалғастырушы, таныстырушы көпір, қауыштырушы дәнекер. Аудармашы берілген мәтінді қалай аударады, оны оқыған оқырман да солай түсінеді. Автордың интенциясын барынша дұрыс, адекватты жеткізу аудармашының құзырында. Сол себепті, аудармашыдан жан-жақты қабілетті, білімді талап етеді. Аудармашы екі тілдің де мәдениетін, тарихын, саясатын терең, жетік меңгерген маман болуы керек.

 
Д. Қарағойшиева, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі
Л. Мусалы, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының доценті