- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Адамзаттың арманын арқалаған...
Адамзаттың арманын арқалаған ғарышкерлер күні
Бүгін, 12 сәуір Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Тура 56 жыл бұрын 1961 жылы 12 сәуірде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырды. Дәл осы ғарыш кемесімен алғаш рет әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер – аға лейтенант Юрий Алексеевич Гагарин еді.
Осы аңызға айналған сапары үшін ғарышкер Кеңес Одағы Батыры атағын алды. Оның ерлігі бүкіл адамзат баласының сан мыңдаған жылдар бойғы арман-тілегін жүзеге асырды. Бұл оқиғадан кейін ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевидение, интернет, ауа-райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылды.
Осы сағаттан бастап, 12 сәуір Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысымен мемлекеттік мереке – ғарышкерлер күні болып белгіленді.
Ал қазақтан тұңғыш ғарышқа ұшқан (1991 жыл, 2 қазан) отандасымыз, ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров. Ол «СоюзТМ-13» кемесімен көкке ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Осылайша, Оңғарбайдың ұлы жай саяхатшы емес, қазақтан шыққан тұңғыш әрі зерттеуші ғарышкер екенін күллі әлем алдында дәлелдеді. Ол ғарышта 7 күн 22 сағат 12 минут болды.
Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевқа ғарышқа үш рет ұшу бақыты бұйырды. Ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен ғарышта 126 күн болды. Ал екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерекше ерлік көрсетті. Қазақ ғарышкері корабль бортынан ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осындай көрсеткішімен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшты. Бұл жолы «Союз ТМ-32» кемесімен 8 күн ғарышта болды. Талғат Амангелдіұлының жалпы ғарышта болған уақыты 341 күн 9 сағат 48 минут.
2015 жылы 2 қыркүйекте үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарыш көгіне көтерілді. Ол Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-16М» кемесімен ұшқан болатын. Айдын Айымбетов ғарышта оншақты ғылыми эксперимент жүргізді. Оның ішінде қазақтың ұлттық тағамдарын салмақсызда дегустациялау да бар. Сонымен қатар, ол Жер бетінің мониторингі және экологиялық апаттарды зерттеу бойынша да эксперименттер жүзеге асырды.
Әлемде 200-ден астам мемлекет болса, солардың қатарында ғарышқа өз перзентін ұшырған елдер саусақпен санарлықтай ғана. Әлемде өз ұлтынан үш немесе одан да көп азаматы ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар екен. Міне, солардың қатарында біздің де еліміз бар екенін мақтанышпен айта аламыз.
Барша ғарышкерлерді бүгінгі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ж. Жұмағұлов