Адам баласының ғұмыры жайлы әңгіме әлі күнге толастаған жоқ. Егер адамның орташа жасын жетпіс жас деп мөлшерлесек, онда осы жетпіс жыл өмірдің қалай өтетініне назар салып қараңыз.
Адамның өмірінде түрегеліп тұратын уақыты ең ұзақ екен, кісі 30 жыл бойы түрегеліп тұрады. Сондықтан, сапалы аяқ киім киюді әдетке айналдырыңыз.
Екінші орында жататын уақыт тұр. 23 жыл. Адам 23 жыл уақытын жатып өткізеді дейді ғалымдар, сол себепті, жатын орын мен дем алатын ортаның шарт-жағдайына да немқұрайлы қарауға болмайды.
Орындықтың да атқаратын қызметі ерекше, өйткені, адам өмірінің 16 жылын отыруға жұмсайды екен. Дәл осындай уақытты жаяу жүріске де шығындап қояды екенсіз.
Адамның мәні оның атқарған қызметіне байланысты десек, 10-12 жыл уақыт жұмыс істеуге жұмсалады да, ас үстелінде отырған уақытыңыз 6 жылға пара-пар болады екен. Тіпті, көлік күтудің де өміріңіздің біраз мезгілін шығындап қоятынын ойламаған боларсыз, адам 3-6 жыл уақытын сарыла көлік, пойыз, ұшақ күтумен өткізеді екен.
2 жыл уақыт сөйлеуге кетсе, теледидар алдына 2128 тәулік, яғни, 6 жыл уақыт жұмсалады екен.
Ал өзге де жұмыстарға ретімен, әйелдердің ас әзірлеп, тамақ пісіруіне 623 күн, тұмауратуға 500 күн, мектептегі оқуға 405 күн, жоғары білім алуға 440 күн, хат-хабар, түрлі құжаттарды жасауға 305 күн, газет-журнал оқуға 250 күн, қоңырау шалу мен телефон қоңырауын қабылдауға 180 күн кетеді.
Әйелдердің өмір бойы киіну, безенуіне кететін уақыты шамамен 531 күн, ерлерге 177 күн керек болса, олардың қырынуына 140 тәулік уақыт жұмсалады екен.
Шаш тарауға 108 күн, ауыз тазалауға 92 күн, жылауға 52 күн кетеді.
Көшеде кетіп бара жатып біреу сізден жол сұрауы мүмкін, үйде отырғанда біреу есік қағады, сөйтсеңіз ол әлеуметтік төлемдерді сұрай келген қызметкер екен... Міне, дәл осындай адамдарға бүкіл өмірдің 6 тәулігін арнауға тура келеді екен.
«Тама-тама көл болар» деген. Адамның сағатқа қараған уақытының өзі 3 тәулікке жуықтайды екен.
Мінеки, сіздің бүкіл өміріңіз осылай өте шықпақ. Қазақтың «Айхай, жиырма бес», «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың», «Ердің жасы елу» деген сөздері осыдан қалса керек.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com