- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Адамның басын ауыстыру...
Адамның басын ауыстыру мәңгі өмір сүруге алып келеді
Италиялық хирург адамның басын ота жасау арқылы ауыстыру оған мәңгі өмір сыйлайды деп сенеді. Серджио Канаверо (Sergio Canavero) есімді дәрігер бұрын-соңды болмаған ота жасауды жоспарлауда. Оның қауіпті жобасы 2017 жылы өткізілмек.
Серджио Канаверо отасына бас тігетін ерікті табылған. Мұндай жаңалық хирургия саласы мамандарының тарапынан сыни пікірлер тудырды. Олардың айтуынша, отаның жасалуы ақылға сыймайды. Ал оның нәтижесі тіпті қорқынышты.
Америкалық нейрохирургтар қауымдастығының президенті Хант Батье (Hunt Batjer) CNN телеарнасына берген сұхбатында аталған отаға келісу өзін өлімге тігумен тең екенін айтып өтті.
«Мен мұндайда ешкімнің басын қатерге тіккім келмейді. Тіпті өзім де бұл тәжірибелік тәуекелге бармаспын», - дейді ол.
Өз кезегінде, Канаверо LaPresse.it басылымына берген сұхбатында отаны жасауға демеушілерді тапқанын және ота жасау барысына қатысатын ерікті хирургтардың да бар екенін хабарлаған.
«Расында, егер жоба қаржыландырылып жатса, демек оның нәтижесіне сенетіндер де бар. Әйтпесе ешкім де бұл тәуекелге қаржы жұмсамас еді», - дейді хирург. Канавероның айтуынша, бұл отаны жасауға 10 миллион қаржы жұмсалады және 150 медицина қызметкері қатысатын болады.
Жоспар бойынша, ота жасау екі күнге созылмақ. Ал аяқталғаннан кейін донор жаңа бастың денесіне бейімделуі үшін бір ай комода жатуы тиіс болады. Ал оның жүйке тамырлары электродтың көмегімен жандандырылады.
Италиялық хирургтың айтуынша, адам жаңа басқа ие болғаннан кейін оның өмір сүру жасы да ұлғаяды. Мысалы, жасы сексенге келген адам ота жасатуға келіссе, кем дегенде тағы 40 жыл өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Канавероның ойынша, бұл мәңгі өмір сүрудің алғашқы мүмкіндіктерінің бірі.
Хирургтың бұл жобасы іске аса ма? Сіздің ойыңыз қандай?
Ж. Өрісбай