2015 жылы ресейлік «Луна Глоб», ал 2017 жылы «Луна Ресурс» аппараттарының ұшырылуы жоспарланып отыр. Машиналар Айдың оңтүстік полюсіне қонатын болады. Ғалымдардың айтуынша, жер серігінің осы аймақтарында мұз көлемінің көп бөлігі орналасқан.
Осылайша Айдың төңірегіндегі дүрлігу қайта жанданды. Бұл ғалымдардың ашып жатқан қызықты жаңалықтарымен байланысты. Естеріңізге сала кетелік, осыдан бұрын америкалық ғарыш спутнигіне орналастырылған ЛЭНД құрылғысы Ай бетінен судың белгілерін тапқан болатын.
Қазір көптеген ғарыш агенттіктері Айдың колонизациясы туралы ойлана бастады. Бұндай ниет, әсіресе, жақында Германияда өткен аэроғарыштық көрмеде анық байқалды. Адамзаттың бұл ойлары жер бетіндегі тіршілік иелеріне қауіп төндіріп отырған бүкіләлемдік жылынумен тікелей байланысты.
Ай бетіндегі адамдар. NASA-ның иллюстрсциясы
"Бірінші аппарат 2015 жылы ұшырылады, - деді Лавочкин атындағы ғылыми өндірістік бірлестіктің бас конструкторының орынбасары Максим Мартынов, - бұл демонстрациялық жоба болады. Яғни біз айға қона алатындығымызды, жұмсақ қону технологияларын әлемге көрсететін боламыз. Содан соң 2017 жылы ғылыми құралдарға толы үлкен аппарат ұшыратын боламыз".
Осылайша ғалымдар Ай бетіне адамды қоныстандырудың қамын жасап жатыр. Бірінші қоныстанушылар, әлбетте, автоматтар болады. Сарапшылардың айтуынша, Айда өркениет жасау жұмыстары халықаралық жоба болмақ. Неміс ғалымдарының ресейліктердің жобасына деген қызығушылық танытып үлгергендігін айта кетелік.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: astroinformer.com, gizmod.ru