Америкалық нейробиологтар өзге адамның ойын оқудың жолын тапқанын айтады. Олар сананың белсенділігін арнайы кодтармен жазып, сосын сөздерге ауыстыратын компьютерлік бағдарлама жасап шығарған. Аталған жаңалық қозғалу мүмкіндігінен айырылған және өте тұйық адамдардың қарым-қатынасқа түсуіне қолдау білдіреді.
«Кітап немесе газетті оқып жатқан кезіңізде, оны санаңыздағы дыбыс арқылы естіп жатқандай боласыз ба? Біз сол дыбысты жалпыға түсінікті тілге ауыстыратын бағдарламалық әдісті зерттеудеміз. Ол өзіне сенімсіз, тұйық адамдардың сөйлей алуына мүмкіндік беретін медициналық протездің негізгі бөлшегі болады», - деді Берклидегі Калифорния университетінің нейробиолог маманы Брайан Пэсли. Бұл ақпаратты New Scientist ғылыми журналы жазып отыр.
Алғаш рет зерттеу тәжірибелері бірнеше науқасқа өткізілді. Ғалымдар олардың әрқайсысынан берілген мәтінді алғаш дауыстап, сосын өз ішінен оқуларын сұраған. Тәжірибе барысына талдау жасай отыра, ғалымдар сананың белсенділігін бақылап, алынған ақпаратты тани алатын алгоритмді құрастырды.
Қазір зерттеуші топ аталған алгоритмді афазиямен (сөйлей алмай қалу ауруы) ауыратын науқастарға қолданып, тексеріп жатыр. Афазия адамның миындағы сөйлеу барысын бақылайтын бөлімінің істен шығуынан пайда болады және ол адамның не жазбаша, не ауызша жазудан қалуына әкеп соғады. Көбіне мынадай ақау адамның инсультқа ұшырауынан немесе басынан қатты жарақат алған кезінде пайда болуы мүмкін.
Әзірге технология ең бірінші сатыда тұр. Дегенмен, ғалымдар тобы кез келген адамның ойын оқу мүмкіндігі табылатынына сеніммен қарайтындарын білдіреді. Сондай-ақ, аталған зерттеу жұмыстары PLoS Biology ғылыми журналында жарияланды.