Заманауи адамның өмірі ғаламтормен тығыз байланысты болғандықтан, онсыз адам өмірін көзге елестету мүмкін емес. Ғаламтордың көмегімен жер бетіндегі миллиондаған адам өз жұмыстарын шешіп қана қоймай, ойын-сауық сайттарында "түнейтінін" сіз бен біз жақсы білеміз. Дүниежүзіндегі ең танымал ойын-сауық бейне порталы ретінде "Youtube" сайтын атауға болады.
Арамызда "Youtube"-қа кіріп, бірде-бір бейнені көрмеген адам қалмаған шығар. Ал кейбіреулеріміз бұл сайтқа күн сайын кіреміз. Бір сөзбен айтқанда, "Youtube" интернет қолданушылар өмірінде маңызды рөл атқарып отыр.
Жер бетіндегі миллиондаған адамдардың сүйікті сайттарының біріне айналған "Youtube" -тың шығу тарихы жайлы сөз қозғауды жөн санап отырмыз.
Сайттың негізін ертеректе "PayPal"-да жұмыс атқарған 3 дос қалады. Бейне-сервисті құру барысында, Чад Хёрли дизайнды "Indiana University of Pennsylvania" университетінде зерттеп оқыған болса, Стив Чен мен Джавед Карим "University of Illinois at Urbana-Champaign" университетінің компьютерлік ғылым факультетінің студенттері еді.
"Youtube"-тың "туған күні" жайлы ғаламторда түрлі дау-дамайлар әлі бітер емес. Бірақ осы сайтқа байланысты бірнеше хронологиялық даталарды атап берсек:
2005 жылдың 14 ақпанында Youtube домені іске қосылды. 2005 жылы 23 сәуірде бейне-сервисте ұзақтығы 15 секунд болатын Джавед Карим түсірген алғашқы бейне пайда болды. 2005 жыл, мамыр айы - сайтты бета-тестілеуден өткізді. 2005 жылдың қарашасында сайт ресми түрде ашылды.Сонымен, бұның бәрі неден басталды? Алып-қашпа әңгімелер күндердің бір күнінде Чад пен Стив ұйымдастырған шағын той-томалаққа Джавед келе алмапты дейді. Жігіттерге Джаведпен қызықты кеште түсірілген бейнемен бөлісу қиындық туғызды. Және де бұл жайт Youtube бейнепорталының пайда болуына түрткі болды. Сол кезде бейне порталдың негізін қалаған жігіттер студент болғандықтан, олар сайтты бейне-танысу құралы ретінде қалағысы келген.
Ең басында сайт ұйымдастырушылары күніне бір рет кездейсоқ қолданушыға Ipod плейерін сыйға тарту арқылы сайт қолданушылар санын ұлғайтты. Википедияның ақпаратына сенсек, Sequoia Capital қоры 2005 жылдың қарашасынан 2006 жылдың сәуіріне дейінгі уақытта бейне-сервиске барлығы $11,5 миллион доллар инвестиция жұмсады. 2005 жылдың мамыр айында сайттың бета-тестілеуі басталып, бір жылдың ішінде порталдың бейне қоры 65 мың бейнемен толықты. Ал қолданушылар бейнелерді 100 миллион рет көріп үлгеріпті. 2006 жылдың қазан айында Google корпорациясы Youtube порталын 1,65 миллиард долларға сатып алу процесін бастап, қараша айында сайтты толықтай иемденіп алған.
Форумда талқылау
Сурет macinews.ru