Соңғы жылдары ғалымдар Жерге жақын орналасқан ғарыш нысандарын зерттеуге көбірек назар аудара бастады. Әлем бойынша Ай мен Марсты зерттеу жобасының саны 20-дан асады. Өзге ғаламшарлар әзірге құпия күйінде қалып отыр.
Осындай нысандардың бірі — Шолпан ғаламшары. Шындығында көрші ғаламшарға бағытталған зондтар жібере алған ақпараттарды нақты деуге келмейді. Ал толыққанды зерттеуді жүзеге асыру үшін тағы да бірнеше миссия қажет болары анық.
VAMP ұшқышсыз ұшағы келесі жобалардың бірі болып, Шолпанның қышқылды атмосферасын зерттеуге жіберілмек. Жоғарыда аталған қысқарған сөз ағылшынның Venus Atmospheric Maneuverable Platform деген сөз құрылымынан алынған.
Шолпан атмосферасы туралы мәлімет жинайтын ұшақ жобасын Northrop Grumman компаниясы алға тартып отыр. Алғашқы сынақ тәжірибесі биылғы жылдың қазан айында жүргізілмек.
VAMP ұшағының ұзындығы қанаттарын қоса есептегенде 45 метрді құрайды. Салмағы 200 кг болып, өзімен бірге камера, атмосфераны зертеуге арналған құрылғылар мен Күн батареяларынан алып ұшады.
Northrop Grumman компаниясы аталған жоба арқылы NASA ғарыш агенттігінің қаржы қолдауын иемденуді жоспарлаған. Расында, америкалық ғарыш агенттігінің бұл жобаға назар аударғаны туралы бейресми ақпарат таралуда. Егер жоба қолдау табар болса, шамамен 4 жылдан кейін өз нәтижесін бермек.
Ұқсас жазбалар:
Шолпан ғаламшары Күн табағына килікті
«Венера-экспресс» ғарыш аппараты жоғалып кетті