Samsung корейлік Electronic Times деп аталатын газетті сотқа берді. Газетте компанияның Galaxy S5 смартфоны жайлы сын жазылған.
Өндіруші жазған арызда аталмыш газеттен 300 миллион корей воны көлемінде шығын өтеуін талап еткен. Бұл туралы Кореялық MediaToday басылымына сілтеме беріп, Apple Insider хабарлап отыр.
Electronic Times газетінің тілшісі өз материалында Galaxy S5 смартфонының камерасындағы кейбір проблемаларды атап өткен. Ал Samsung компаниясы бұл сынды негізсіз фактілерге құрылған деп, қате ақпарат таратушының үстінен арыз жазған. Газет өз кезегінде смартфонда ақаудың шын мәнінде барын айтып, жауап хат жазған.
Apple Insider басылымының авторы бұл жағдайдың шығу себебі соңғы кездердегі Samsung өнімінің сатылымының азаюына байланысты болуы мүмкін дейді. Естеріңізге сала кетейік, жаңа Galaxy S5 смартфоны 2014 жылдың 11 сәуірінде шығады.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: appleinsider.com