Samsung екінші тоқсанда әлемге 74,5 млн. смартфон сатты

ABI Research аналитикалық компаниясы әлемдік нарықтағы смартфондардың сатылымына зерттеу жасаған екен. Сонымен біз сіздерге смартфон өндірушілерінің арасындағы екінші тоқсанның жаңартылған рейтингісін ұсынғалы отырмыз. Тізімнің басында үш алпауыт, бітіспес қарсыластар тұр. Олар - Samsung, Apple және LG.  

Samsung компаниясы GALAXY S4 жаңа телефоны есебінен өткен үш айлықта 74,5 миллион смартфонын сата алған. Соның арқасында ол әлемдік смартфон нарығының 34,82% үлесін өз атына жазып отыр. Сондай-ақ корейлік компания телефондардың (қарапайым телефондар + смартфондар) 114 миллион данасын сатқан.

Ал Apple болса өзінің үш түрлі аппаратымен (iPhone 5, iPhone 4S және iPhone 4) Samsung-тен біршама артта қалып (2 еседен көп, әлемдік нарықта 14,6% үлеспен), рейтингте екінші орынды иеленіп тұр. Үшінші орын тағы да бір корейлік компания LG бұйырды. Бірақ бұл компания Google-мен бірге шығарып, бірге сатқан Nexus 4 смартфондарының саны жөнінде тіс жармай отыр. Дегенмен сарапшылар LG әлемдік смартфон нарығының 5,66% үлесін иеленіп отыр дегенді айтты.

Үздік үштікті 5,21% және 4,3% көрсеткіштерімен қытайлық қос компания Huawei мен ZTE өкшелеп келеді. Бір қызығы бұл тізімде Lenovo компаниясының аты жоқ. Осыған дейін кейбір БАҚ оны смартфон сатудан әлемде төртінші келе жатыр деп бағалаған еді. Десек те ABI Research өзінің есебі бойынша оны «Оthers» (басқалар) категориясына енгізген болар.

Қытайлық компаниялардың соңынан жапондық Sony келеді. Ол Xperia Z/ZL смартфондарының арқасында алтыншы орынға ие болып, өткен тоқсанда 7,4 миллион аппарат сатқан финдік Nokia компаниясын орнынан ығыстырып отыр. Одан бөлек биылғы екінші тоқсандағы рейтингтің Топ-10 құрамына BlackBerry, HTC және Motorola компаниялары кірген.

Жалпы өткен тоқсанмен салыстырғанда әлем бойынша смартфондарды сатып алу 5,5%-ға артса, өткен жылғы осындай мерзімдегі көрсеткішпен есептегенде биыл ол 43,8%-ға көп болып тұр.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: mail.ru