67Р/Чурюмова — Герасименко кометасының орбитасында айналып жүрген Rosetta аппараты адам баласы үшін маңызды жаңалық ашты. Ол кометаның беткі қабатында қалыңдығы бірнеше метрден асатын 120 ақ дақты анықтаған. Олардың құрамы әзірге анықталмаса да, ғалымдардың айтуынша, дақтар үнемі кометаның көлеңке жағында болған. Сондай-ақ, соңғы бір айдағы бақылау кезінде ешқандай өзгеріс орын алмаған.
«Біздің пайымдауымызша, ақ дақтар судың мұз күйі болуы мүмкін. Зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде комета Күннен біршама алыста болатын. Сондықтан мұздар Күннің сәулесіне ери қоймаған. Ал ақ дақтарды көмірқышқыл немесе тұншықтырғыш газ деп сенсек, оған Күн сәулесі түскен бойда еріп кетер еді», - дейді Берн университетінің зерттеушісі Антуан Поммераль.
Айта кетейік, табылған ақ дақтар кометаның сыртқы қабатынан 10 есе жарқын. Сонымен қатар, олар бір ортаға шоғырланып, биік төбешіктердің көлеңкелерінде орналасқан.
Ғылымда кометаның мұздан тұратыны бұрыннан белгілі. Комета Күнге жақындай түскен кезде, оның бетіндегі мұздар ери бастайды. Ол кезде су буланып, кометаның құйрығын құрамдаушы қызметін атқарады.
Әзірге кометаның бетіндегі дақтардың қалай пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ғалымдар мұның екі түрлі себебін ұсынып отыр. Комета осыдан 6,5 жыл бұрын Күнге жақын ұшқан кезде оның қараңғы бетінде мұз қалыптасқан болуы мүмкін. Сондай-ақ, кометаның негізгі жұлдыздан алыста қозғалып жүрген кезде көмірқышқыл газы суды қатты күйге айналдырған болуы ықтимал.