- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Mars One: Адамзаттың...
Mars One: Адамзаттың Марсқа қоныс аударуы мүмкін бе?
Ғаламдық ғылыми орта мен әлемдік масс-медиада талқыланып жатқан қазіргі ірі тақырып – Илан Масктың Марсты жаулап алу операциясы. Бұған біреу сенсе, енді бірі сынмен қарайды. Қалай десек те, адамзаттың Марсқа ұшуы мен онда тіршілік ортасын құруы, тым болмағанда, соған ұмтылуы – ғылым үшін зор жетістік пен жеміс екені түсінікті.
Бірақ сонда да Марсты жаулауға кеткен шығын мен ресурсты Жерді игеру мен климаттық мәселелерін реттеуге неге жұмсамасқа деген ой келеді. Жалпы, Қызыл жұлдыз планетасына көшу мен қоныс аудару қаншалықты рас әрі ақылға қонымды?
Масктың идеясы
Марс – Шолпанға қарағанда тіршілікке біршама қолайлы, табиғи сипаты, көлемі, Жерге ұқсас ең жақын ғаламшар. Қызыл ғаламшарға ұшу басқа ғарыш объектілеріне қарағанда аз энергия кетеді. Бұл ғаламшарда минерал заттар бар, сондықтан мыс, темір, вольфрам, уран, рений, алтын сынды кенді металдардың да мол қоры болуы мүмкін. Мұның бәрі адамзаттың колонизация жасауын жеңілдетпек.
"NASA" бастаған ғылыми қауымның Марсты зерттеуге көшудегі себебі осы. Әрі олардың қазіргі негізгі мақсаты – Марста тұрақты ғылыми база құрып, оны зерттеу.
Алайда көрші планетаға ұшып бару оңай емес, жүк пен адам тасымалдау өте қиын. Шығыны көп. Мәселен, "NASA" 2017 жылы Марсқа жіберілген 900 келілік марсоходты ұшыру үшін 2,5 млрд доллар қаржы кеткен. Бір ғана аппаратты әзірлеу үшін кеткен қыруар қаржымен Марста жақында ғылыми база құру мүмкін емес.
Илон Масктың зымыран құрастыруға кіріскені сондықтан. Онымен экипаж, техника мен құрал-жабдықтар тасымалданады. Оның үстіне, барынша жылдам ұшқаны жөн әрі жерге қайтып оралса тіпті жақсы.
Илон Маск Қызыл жұлдыз бен Жер шарын байланыстыратын транспорт жүйесін құру идеясын 2016 жылы ұсынды. Құрастырып жатқан зымыранның аты – Starship. Биіктігі – 118 метр, диаметрі – 9 метр, салмағы – 5 мың тонна. Зымыран екі бөліктен тұрады: ғарыш кемесі мен зымыран қозғалтқышы орналасқан аймақ (Super Heavy). 43 зымыран қозғалтқышы орнатылмақ.
Құрастырушылардың есебінше, зымыран орбитаға дейін 100 тонна жүк көтеріп шығарады.
Ал зымыран Техастағы ғарыш айлағынан ұшпақ. Өйткені бұл экваторға барынша жақын айлақ. Әрі ғарыш белдеуіне шығу оңайырақ: өз білігінен айналған Жер зымыранның ғарышқа ұшып шығуын жеңілдетеді, отын да аз кетеді.
Масктың жоспарынша, Starship 2022 жылы орбитаға ұшып шықпақ. Жер шарын бір айналып шығып (жанармайды тауысу үшін, ал зымыранға жағармай толтыру үшін ғарыш танкері жіберіледі), ары қарай Марсқа аттанады.
2022 жылдың жазы – Марстың Жерге жақын келетін уақыты. Ал Марсқа дейінгі сапар 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Демек, Масктың есебінше, ғарыш кемесі Марсқа 2023 жылы барып қонбақ. Ал 2025 жылдан бастап экипаж жіберілмек. 2028 жылы база салынып бітеді.
Марстағы базаның үлгісі қазір Гоби мен Аризона шөлінде, Гавайдағы жанартау етегінде салынып жатыр.
Ал Марсқа колонизация жасаудың соңғы кезеңі – бұл адамдарды қоныстандыруға арналған колония мен өсімдік өсіретін жылыжайдың, жанармай өндіретін бекеттің салынуы.
Илонның есебінше, осы ғасырдың аяғына дейін Марсқа 1 млн адам жіберілмек.
Марсқа қонудың қиындығы
Илон Масктың идеясы мен жоспары бір қарағанда түсінікті, қарапайым адам үшін іске асатын дүние сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бәрі оңай емес. Жермен кіндіктес адамзаттың жат ғаламға көшіп барып, тіршілік орнатуы экожүйеге де, адам ағзасына да өте қауіпті.
Ең бірінші қауіп – ғарыш радиациясы. Жердің ерекшелігі де сол – атмосферасын қоршап жатқан алып озон қабаты бар. Ол ғарыштан келетін радиация мен Күн сәулесін кері шағылыстырып, Жерді күйіп кетуден сақтайды. Марста ауа жоқ, ал ғарыш радиациясы жүз есе қуатты. Мұны тоқтата алатын ғылымда еш технология жоқ.
Марсты тіршілік ортасына айналдырудың бір жолы – терраформалау. Яғни, қызыл ғаламшардың климатын өзгертіп, атмосфера мен қалыпты температура, экологиялық жағдай құру. Бірақ бұл ғылым үшін фантазиямен бірдей.
Екінші қауіп – адам ағзасы мен экожүйе. Марста тіршілік бар ма жоқ па – ол жағы белгісіз. Бірақ бар дегеннің өзінде, оның жер экожүйесінен бөлек орта екені анық. Марста қысым төмен: Жердегі қысымнан 170 есе аз. Яғни, 35 шақырым биіктіктегі төмен қысыммен бірдей. Ал өзіңіз елестетіп көріңіз: Жер бетіндегі ең биік тау Эвересттің биіктігі 9 шақырымға жетер-жетпес.
Көрші ғаламшарда оттегі жоқ, көмірқышқыл газдың мөлшері – 96 пайыз. Ал атмосфера құру үшін ғаламшарды қыздыру қажет.
Адамзат Марсты игере ала ма?
Үлкен сұрақ, ірі мәселе. "Жойқын жарылыс" теориясының иесі Стивен Хокинг Жер бетіндегі ресурс пен табиғи байлық 2100 жыл таусылады, халыққа жер жетпейді деп болжаған. Содан адамзаттың басқа ғаламшарға көшуінен басқа амалы қалмайды деген еді. Илон Масктың Марсқа аттануға кіріскені де содан болса керек .
Бірақ жаратылыстану мен астрономиямен айналысқан ғалымдар Марсқа көшу жақын арада болатын іс емес деп тоқтам айтуда. Мәселен, Күн жүйесінің 9-шы ғаламшарын іздеп, зерттеу жасап жүрген Америка астрофизигі Константин Батыгиннің айтуынша, адамзат қазіргі ғылыммен, технологиямен Марсты игере алмасы анық.
"Марсты мүлдем игере алмаймыз деуден аулақпыз. Бірақ қазір ол мүмкін емес нәрсе. Одан да оған кеткен шығынды қазір біз Жерді сақтап қалуға, оның климатын жақсартуға жұмсауымыз керек. Марсты қанша бейімдесек те, адамзатқа Жердей болмайды. Ал Марсты игеру 10 мың жылдық ғылыми прогресті қажет етеді", – дейді Батыгин.
Сол сынды "Венера" жобасының авторы, футуролог Жак Фресконың айтуынша, Марсты колонизациялауға кеткен шығынды суы жоқ аймақтарға ауыз су тарту арқылы әлдеқайда пайдалы іс жасауға болады.
Ал америка ғалымы, астроном Карл Саган Марсқа қонған адам Жерге қайтып келуі өте қауіпті дейді.
"Өйткені галактикада биологиялық тіршіліктің қандай да бір формасы мен түрі болатыны сөзсіз. Бірақ Марста қандай тірі ағза барын біз білмейміз. Білгеннің өзінде, оның Жерге тигізер қаупі мол екені түсінікті. Жердегі биожүйенің тас-талқанын шығаруы мүмкін. Сондықтан Марсқа қонған адамның қайта оралуы қауіпті", – дейді ғалым.
Жер ғаламшарының бар ресурсы мен байлығын, экожүйесі мен атмосферасын сақтап қала алмаған адамның Марсты игеріп, оны сақтап қалуы екіталай. Ал Жер жойылса, Марстың қауіпсіз мекен болуы сенімсіз дүние. Адамды Марсқа көшіргенше, Жер бетінде алып бункер салып аман алып қалу әлдеқайда тиімді, шығыны аз.
Жерде апокалипсис болды дегеннің өзінде, адамзат үшін ең қолайлы мекен Жердің өзі болып қалмақ. Бір сөзбен айтқанда, Жер-Ананың адам үшін орны бөлек, туған кіндігі. Адам одан ажырап кете алмайды. Ал Илон Маск бастаған команданың Марсты зерттеуі мен оның нәтижесі – аталмыш ойдың дұрыс екенін тағы бір дәлелдейді.