Google терроризмге қатысты видероликтерді өшіріп отырады

Google терроризмге қатысты видероликтерді өшіріп отырады

Youtube сайтына иелік ететін Google интернет компаниясы сайттағы терроризмге қатысты бірнеше видеоны өшірді.

Компания өкілдерінің айтуынша, 2011 жылдың басынан бастап жарияланған 640 видеоролик өшірілген. Бұл бейнебаяндардың барлығы терроризмнің өршуіне себепші болуы мүмкін деген желеумен сайттан алынып тасталды. Сонымен қатар, осы тематикадағы видеоларды жиі жариялайтын 5 аккаунт құлыпталған.

Осы тұста айта кетелік. Интернет-магнаттың бәзбіреулердің өтінішімен бұндай қадамдарға баруы өте сирек болатын жағдай. Мәселен, осыдан бұрын Канада үкіметі Google-дың Youtube сайтындағы бір бейнебаянды өшіруін өтінген еді. Ол видеода Канада азаматы өз паспортына дәрет сындырып, содан соң оны канализацияға ағызып жібергендігі көрсетілген болатын. Сонымен қатар, Пәкістан армиясы мен саясаткерлерін күлкіге айналдыратын бірнеше бейнебаянға да аталған елдің үкіметі алаңдаушылық білдірген. Сайт әкімшілігі қай-қайсысының да өтінішін қабылдамаған еді.

Дегенмен компания өкілдерінің айтуынша, сайттағы 2011 жылдың басынан бері жарияланған 6989 видеороликке қатысты 461 сот үкімі шығып, арыздардың 68 пайызы қанағаттандырылған екен. Сонымен қатар, 4925 роликке қатысты 546 ресми емес өтініштің 43 пайызы қабыл болған.

Осы орайда Google компаниясы бейнебаяндарға қатысты өтініштердің жиілеп кетуінен қауіптеніп отырғандығын айтты. "Бұл арыздардың көпшілігі сөз бостандығын сөз қылып жүрген Еуропа елдерінен келетіндігі тіпті көңілге күдік ұялататады", - деді компания өкілі.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: asiareport.ru