Әлемдегі ең алып әлеуметтік желілердің бірі Facebook-ке ең болмағанда айына бір рет кіретін қолданушылар саны 995 миллионнан асты. Осылай деп компания хабарламасында айтылып отыр.
2012 жылдың алғашқы алты айлық қорытындысы бойынша әлеуметтік желі аудиториясы ағымдағы жылдың наурыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 54 миллионға көбейген.
Күн сайын сайтқа шамамен 552 миллион қолданушы кіреді. Ал Facebook-тің ұялы телефон сервистері аудиториясы 543 миллион қолданушыны құрайды. Соңғы үш айда бұл көрсеткіш наурыз айына қарағанда 11 пайызға өскен.
Марк Цукерберг негізін салған желінің бәсекелесі Google+ әлеуметтік желісіне келер болсақ, ол өткен кварталда алғашқы туған күнін атап өтті. Google+ аудиториясын қазіргі таңда 250 миллион тіркелген қолданушы құрайды. Аталған әлеуметтік желінің аудиториясы айына 150 миллион адам, ал күн сайын бұл сайтқа 75 миллион қолданушы кіріп-шығады екен.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: reporterus.com